А. Мамин: «Биыл 440 мың тұрақты жұмыс орны құрылуы тиіс»

94

Қазақстанда жыл басынан бері 1 млн-нан аса азамат жұмыспен қамтылды. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мәлімдеді. Үкімет басшысы тұрақты жұмыс орындарының санын арттыру керек екенін жеткізді. Сондай-ақ жиынға қатысқан үшінші мегаполис әкімі қала халқын жұмысқа орналастыру шарасы туралы баяндады. Елдегі жұмыссыздық деңгейі қандай? Халықты жұмысқа орналастыру жоспары орындалды ма?

Еңбек бағдарламасымен 21 мың шымкенттік жұмысқа тұрған. Қазан айының басындағы көрсеткіш 63 пайызды құраған. Ал бүгінде бұл көрсеткіш 95 пайызға жетіп отыр. Бұл туралы үкімет отырысында баяндама жасаған үшінші мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеді. Сондай-ақ ол мемлекет және салық бағдарламасы негізінде 23 722 жұмыс орнын құру жоспарланғанын атап өтті. Ал бүгінде 21 276 жұмыс орны ашылып, азаматтар жұмысқа орналасқан. Оның ішінде 62 пайызы немесе 13 160 орынға тұрақты жұмыспен қамтылған деді қала басшысы.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «2021-2022 жылдарға арналған жұмыспен қамту жол картасы бағдарламасы негізінде Шымкент қаласы бойынша 15,9 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 5 жарым млрд теңге инфрақұрылымды жобалардың құрылысы жұмыстары, 1,5 млрд теңге микрокредит беру, 1,8 млрд теңге агроөнеркәсіп кешенін дамыту, 7,1 млрд теңге бизнесті дамытуға бағытталған».

Ал Қазақстанда жыл басынан бері «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 377 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның 70%-ы тұрақты жұмысқа орналасыпты. Сонымен қатар, барлығы 65 мың адам арнайы оқытумен қамтамасыз етілген. Осылай деген Еңбек министрі Серік Шәпкенов жұмыссыздық деңгейі 4,9% көлемінде сақталғанын жеткізді. Ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда біршама азайған көрінеді.

Серік Шәпкенов, ҚР Еңбек министрі: «Биыл 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шараларымен қамтамасыз ету жоспарланған. Оның ішінде 700 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, 42 мың адам – Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған Жол картасы аясында және 440 мың жаңа жұмыс орнын құру қарастырылған. Қазіргі уақытта осы 3 бағыт бойынша 1 млн-ға жуық адам қолдау шараларымен қамтылды».

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің айтуынша ағымдағы жылдың 9 айында жалпы 1 млн-нан аса азамат жұмыспен қамтылған. Бұл Қазақстанда қабылданған халықты жұмыспен қамту бойынша дағдарысқа қарсы шаралар кешенінің арқасында дейді үкімет басшысы. Сондай-ақ ол жыл соңына дейін қосымша 200 мың азаматты қамту көзделгенін айтты. Алайда, бұл көрсеткішке қуануға ерте. Алдағы уақтта тұрақты жұмыс орындарын құруды көбейту керек деді.

Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі: «Бұл шаралар жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге және оны 4,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Маңызды мәселе – тұрақты жұмыс орындарын құру, биыл кемінде 440 мың жұмыс орны құрылуы тиіс».

Биылдан бастап жұмыссыз ретінде тіркеу, жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау және субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру қызметтері электронды еңбек биржасы арқылы толық автоматтандырылды.

Айта кетейік, үкімет отырысында Шымкент басшысынан бөлек , Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек пен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова да баяндама жасады.

Мөлдір Ибадуллаева