Шымкентте сатып алу құқығынсыз жалға берілген тұрғын үйлер тексерілді. Нәтижесінде мемлекет меншігіндегі пәтерді керек етпейтіндер де табылды. Сәуір айынан бастап баспаналы болғандардың бірі мүлде аяқ баспаған, ал енді бірі жалға беріп қойған болып шықты. Мұндай азаматтарға қандай шара қолданылады? Қалалық тұрғын үй басқармасы не дейді?
«Асар-2» шағынауданындағы бұл пәтерлерлер сатып алу құғығынсыз жалға берілген. Яғни, тұрғындар мемлекет меншігіндегі үйлерге ай сайын 5-12 мың теңге аралығында ақы төлеп тұрады. Алайда бұл мүмкіндікті пайдалану былай тұрсын, пәтерлеріне аттап баспайтын жандар да бар екен. Тіпті, өзге адамға жалға беру арқылы қосымша табыс тауып отырғандары да табылды дейді жауаптылар.
Абылайхан Балықбаев, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары: «Жалға алу шарттары бойынша бірнеше міндеттер жүктелген. Оның ең бастысы пәтерде өзі тұруы міндетті. Осы міндетті орындау бойынша біз тұрақты түрде рейд жүргіземіз».
Қалалық тұрғын үй басқарма басшысының орынбасары жыл басынан бері 3 пәтер босатылғанын айтады. Сондай-ақ, 189 азаматқа ескерту беріліпті. Егер ескертуді елемесе олар да сот арқылы үйді қайтаруға мәжбүр болады екен.
Аида Қораласбаева, тұрғын үй төраймы: «Мүлде тұрмайтын 10 шақты адам бар. Олар тұрмайтын болса нағыз мұқтаж адамдарға берілсін. Ақыры үйлері бар екен. Тұратын жері бар екен. Берсін соларға».
Тексеріс барысында әр қабаттағы бір пәтерде ешкім тұрмайтынын аңғардық. Яғни, бір подьездегі 15 пәтердің бесеуінде ешкім есік ашқан жоқ. Тұрғын үйдің төрайымы олардың мүлде аяқ баспағанын айтып отыр. Оған дәлелі де бар екен.
«Міне, нольді көрсетіп тұр. Мына счетчикпен-ақ білесің. Кімнің тұрып, кімнің тұрмай жатқанын», дейді үй төрайымы.
Бұған дейін пәтерді пайдаланбай жүргендерге ескерту береміз, елемегендер пәтерді босатады деген басқарма басшысының орынбасары, сәуір айынан бастап берілген бұл үйлердің бос екенінен бейхабар болып шықты.
«Бұл үйлерге енді келіп жатырмыз. Тұрақты түрде рейд жүргізіп жатқанымызбен біз басқа пәтерлерді тексердік. Ал бүгінгі график бойынша осы үйге түстік. Бұл енді көршісі айтып жатыр ғой үш ай болды алғанына. Енді қоныстанып жатыр деп. Әркімнің мүмкіндігі әртүрлі ғой».
Айта кетейік, бүгінде қалалық тұрғын үй басқармасының теңгермінде 8000-нан аса пәтер бар. Олар арендалық үй кезегінде тұрған халыққа беріледі. Оның 120-ы дәл осы «Асар-2» шағынауданында орналасқан.
Мөлдір Ибадуллаева