Мұражайда «Семей сынақ полигоны» ардагерлерінің бұрышы ашылды

384

Шымкенттегі «Ерлік» мұражайында «Семей-сынақ полигоны» ардагерлерінің бұрышы ашылды. Аталған бұрыш сынақ полигонында еңбек еткен азаматтардың жәдігерлерімен толықтырылған.

Шымкенттегі «Семей-сынақ полигоны» қоғамдық бірлестігінің алғашқы төрағасы Жүсіпәлі Қырғызбаев та салтанатты шараның құрметті қонағы болды. Қазіргі таңда аталған «Ерлік» мұражайда 6000 мыңнан астам тарихи мәні зор жәдігерлер жинақталып, мұражай қонақтарына ұсынылып отыр.

Жүсіпәлі Қырғызбаев, Шымкент қалалық » Семей-сынақ полигоны» қоғамдық бірлестіктің алғашқы төрағасы: «Біздің облыстан алғашқы ашылғанда 7500-ден астам қатысушы болған екен осы ядролық сынаққа. Дегенмен ол кісілердің жартысынан көбі о дүниелік болып кетті. Қазір 850-дейі тірі, қалғаны бар екен. Бәрі ұжым болып қазір жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі қуанышты сәттің куәсі боп отырмыз бәріміз. Бірінші Шымкент қаласынынң әкімшілігіне, Қорғаныс саласы департаменттің жігіттеріне рахмет, бізге осы ардагерлер музейінен орын беріп, бір бұрыштан ашып жатырмыз. Бәрі куәсі боп отырмыз».

Биыл Семей полигонының жабылғанына 30 жыл. Осы шараға тұспа-тұс Шымкенттегі «Семей-сынақ полигоны» ардагерлеріне сый-құрмет көрсетіліп, мұражайдан арнайы орын берілді.

Серікбай Онбаев, ҚР Қарулы Күштері ардагерлер кеңесінің Шымкент қаласы бойынша төрағасы: «Сынаққа қатысып, сол кезде сол тәжірибелеріне өз көздерімен көрген ағаларымыз, інілеріміз өдерінің жәдігерлерімен толтырды ол бұрышты. 30 жылдық осы Семей сынақ қоғамының құрылу кезеңімен бірдей келіп жатыр. Сондықтан елімізге халқымызға амандық тілеймін».

Аталған тарихи бұрыш оңтүстік өңірінде алғаш рет ашылып отыр. Ұйымдастырушылар осындай тарихи оқиғаларды насихаттау жастардың патриоттық сезімін нығайтуға сеп болады дейді.

Майра Садыққызы, «Ерлік» музейінің аға-ғылыми қызметкері: «Шымкент қаламызда бірінші рет «Семей сынақ полигоны» ардагерлеріне арналған бұрыш біздің музейімізде ашылып отыр. Бұл кісілердің жасаған ерліктері, еңбектері орасан зор. Бізге музейге көптеген жәдігерлерін тапсырды. Бұлардың ерліктерін еңбектерін бүгінгі таңда қолдап, жәдігерлер жинақталып, осы елімізге жастарға патриоттық тәрбие беру мақсатында осындай бұрыш ашылып отыр».

Таррихи жәдігерлерді қала халқы мен қонақтары кез- келген уақытта тамашалай алады.

Диана Біржанова