Ерлік мұражайы еленбей отыр

Шымкенттегі «Жеңіс» саябағында орналасқан «Ерлік» мұражайы бір қараған жанға шағын ғана ғимарат секілді болып көрінеді. Алайда, сол мұражайда сұрапыл соғыс жылдары қиындықты әбден көрген халықтың өткені мен қан майданда жаумен соғысқан батырлар, тылда аянбай еңбек еткен ардагерлер жайлы сыр шертетін құнды жәдігерлер сақтаулы тұр. Мұны көптің бірі білсе, бірі біле бермейді.

8-023

Мұражай 209 шаршы метр жерде орналасқан. Мұнда жалпы көлемі 110 шаршы метрді құрайтын төрт экпозициялық зал мен бір галерея бар. Әр экспозициялық залға қойылған көне жәдігерлер сол бір зұлмат күндерден сыр шерткендей әсер қалдырады. Мәселен, бірінші – залда ҰОС ардагерлерінің медальдері, фото-суреттері, сол кісілер жайында жазылған мақалалар мен естеліктер қойылған. Мұнда ҰОС ардагері, Кеңес Одағының Батыры, «Ленин», «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің иегері Тоғанбай Қауымбаевтың орден-медальдарын да кездестіруге болады. Тоғанбай ақсақалдың облыс әкімі Асқар Мырзахметовке «көзімдей көр» деп өзі сыйлаған шапан да осында.

8-021

Соғыс жылдарынан сыр шертетін тағы бір зал – тыл залы. Бұл залға кірген жан 1941-1945 жылдарға тап болғандай әсер алады. Себебі, залдың төріне қойылған кішігірім макет пен қабырғадағы суреттер сұрапыл соғыс жылдарында елде қалып, тағдырдың тауқыметін тартқан қарабайыр халықтың ішкі жан дүниесі мен қиналысын көз алдыңызға елестетеді. Сондай-ақ, мұнда тыл ардагерлерінің орден-медальдары, әскери билеттері, мақтау қағаздары, жеке заттары мен ел үшін еткен ерең еңбектері жайлы жазылған материалдар қойылған.

Үшінші зал – этнографиялық зал. Мұнда соғыс кезеңіндегі ауыл үйінің ішкі көрінісі бейнеленген. Ал, мұражайдың төртінші залы 1979-1989 жылдар аралығында болған Ауған соғысына арналған.

Мұражайдағы галереяда қылқалам шеберлерінің көзбен көрген оқиғаларын бейнелеген өнер туындылары жинақталған.

8-022

Мұражай меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенованың айтуынша, қорда жалпы 2170 экспонат бар. Жәдігерлердің басым көпшілігін ардагерлердің туыстары өз қолымен тапсырады екен. Алайда, ғимараттың тарлығынан оның 903-і ғана экспозицияға қойылыпты. Айтуынша, бұйымдарды қоятын орын жетіспегендіктен сол жәдігерлердің басым көпшілігі қазір негізгі қорда сақтаулы тұр.

Бір байқағанымыз, мұражайға келетіндер аз екен. Тек бірлі-­жарым оқушылар мектептегі мұғалімнің берген тапсырмасымен жүргенін айтады. Ал саябақ ішінде қыдырып жүрген жастарға ҰОС жылдарынан сыр шертетін тарихи мұражайға барып па едіңіздер деп сұрағанымызда бірі бұған қызықпайтынын айтса, енді біреулері ондай мұражайдың барынан да хабарсыз болып шықты.

8-020

Демалушылар көп келетін саябақтың төрінен орын алған мұражайға жастардың бас сұғып, қызығушылық танытпайтыны қынжылтады, әрине. Ал сіз «Ерлік» мұражайына бардыңыз ба?

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №8, 25.02.2015