1 қазан халықаралық Қарттар күніне орай Шымкент қалалық опера және балет театрында “Домалақ ана” операсының қойылымы өтті. Аталған шараға қаланың түкпір-түкпірінен қазыналы қариялар шақырылды. Мерекеге арнайы қойылған опера бұл жолы тегін көрсетіліп отыр.
Қалалық опера және балет театрында қарттар күніне орай “Домалақ ана” операсы қойылды. Бұл жолғы қойылым тегін, ұжымның қарияларға сыйлығы дейді ұйымдастырушылар. Спектакльді тамашалауға арнайы келген 81 жастағы Абдурахым Абдрашидов те қойылымнан жақсы әсер алғанын, үлкен толғаныспен қабылдағанын жеткізді.
Абдурахым Абдрашидов, Қаратөбе ауылының тұрғыны: “Мен Қаратөбеден арнайы келдім. Келіп, көріп, қуанышты болып отырмыз. Жасым 81-де. Шақырып, әртістер біздер үшін қызмет етіп, жақсы концерт, опера беріп жатыр. Өзім өзбек ұлтының өкілімін. Бұл ұлттар арасындағы құрмет, бір-бірімізге сыйластық деп білемін”.
Қойылымның тұсаукесері наурыз айында өткен. Содан бері тұрақты көрсетіліп келеді. Сахналанатын әрбір қойылымға 4-5 ай көлемінде дайындық жүргізілетін көрінеді. “Себебі бір қойылым арқылы біз тарихты насихаттаймыз” дейді театр әртістері.
Үрәлхан Сейілбекова, Шымкент қалалық опера және балет театрының солисті: «Домалақ ана» операсында мен Домалақ ананың, Нұриланың рөлін сомдаймын. Ол өте үлкен жауапкершілік. Оған үлкен дайындықпен келдік. Әрбір орындалатын ариясын, дуэеттерін жеке, бірге дайындалып, бүкіл ұжым болып дайындалып, осы сахнада бірнеше күн дайындықтамыз. Міне, бүгін көрерменге ұсынып отырмыз”.
“Домалақ ана” операсы театрдың “Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі” аясында қойған алғашқы спектаклі. Екі мерекені ұштастыра ұйымдастырылған шараға өнерсүйер қауым да өз ризашылығын білдірді.
Айта кетейік, аталған қойылым қаламыздағы опера және балет театрында 31 — рет көрсетіліп жатыр.
Гүлдана Дәурен