Түркістан облысында қарызын қайтару үшін қой баққан жігіт асылып өлді. Марқұмның туыстары бұған жергілікті полиция қызметкерін кінәлап отыр. Айтуларынша, Төле би ауданының тұрғыны қарызын өтеу үшін тәртіп сақшысының малын бағуға мәжбүр болған.
28 жастағы Бақытжан Оңалбеков тәртіп сақшысынан үнемі таяқ жейтінін айтып жақындарына бірнеше мәрте шағым да айтқан екен. Сондықтан қара жамылған отбасы құзырлы орындардан тергеудің әділ өтуін талап етуде.
Қайғыдан қан жұтқан Оңалбековтер отбасы Бақытжанның өлгеніне әлі сене алар емес. 28 жастағы азамат ауылындағы дүкеннен қарызға азық-түлік алып, берешегі 300 мыңға жеткен. Содан дүкен қожайыны полицияда істейтін інісінің малын бағып, қарыздан құтылуға болатынын айтыпты. Тіпті берешектен бөлек, ай сайын 60 мың теңге жалақы төлеп тұруға уағдаласқан. Сол малды бағуға кеткен жігіттің үйіне өлі денесі жеткізіліп отыр.
Нұрбибі Садықова, марқұмның жесірі: «Анау күні тағы келді, «Нұрби мені ұра береді ол, қинап тастады, қиналып кеттім» деді. Сөйтіп, «қиналып кеттім» деген соң айттым 10 күн қалды ғой, Бақытжан барып істеші мен барып тұрам дедім. 2 күнде бір барып тұрам дедім. Сөйтіп мақұл деді де, сөйтіп қой жоғалды деп, 2 қой жоқ, 3 қой жоқ деп қойды іле берді ғой осы қыркүйек айы бітті, адам керек қой оған, құл қыла бермекші болды».
«Тәртіп сақшысының құлына айналдым» деген Бақытжан соққыдан шаршағанын айтып бірнеше рет қашыпты. Бірақ, полицей қайта тауып алып, жұмысқа жегіп отырған дейді туыстары.
Аягөз Бердәлиева, марқұмның анасы: «Сіздің балаңыз қол қойғанын білесіз бе, балаңызды маған тауып бермесеңіз не сізді не кішкентай баламнан кейінгі інісі бар, не оны әкетем деді. Балаңызды тауып бермесеңіз мен қазір келін істеп жатқан жерде таныс адамдарым бар, ақшасын айлығын бергізбеймін, күніге маған беретіндей қылам малдың ақшасыннан құтыласыңдар сөйтіп деді».
Марқұмның денесіндегі көгерген іздер де туыстарының күдігін қоюлата түскен. «Жер алып, үй саламын» деп армандап жүрген азаматтың өзіне қол салғанына сенбейміз дейді олар.
«Қасақана кісі өлімі болған сияқты. Өйткені, ол жерде спортивканың сыртынан мына жерде асылған кезде жіп сыртынан байланған. Ал, негізгі жіптің орны ішінде тұр», дейді туыстары.
Марқұмның жақындары айыптаған полиция майоры Ерқасым Еркінбайұлының үйіне біз де бардық. Бірақ, кездесуден бас тартқан тәртіп сақшысы, Бақытжанның қорадан тыс жерде асылып қалғанын ғана айтты. Ал, өзінің ұрып-соқты дегенін жала деп отыр.
Ерқасым Еркінбайұлы, Түркістан облыстық жергілікті полиция қызметінің инспекторы: «Енді заң жүзінде келетін болсақ бәрі заңда көрсетілгендей заңдастырылып істелген ғой. Оның ақшасын алғандағы жазып бергендері, тіл хаттары бәрі бар. Қай күні, қанша ақша алғаны, тіпті видеолары бар екен міне ақшаны алып жатырмын, өкпем жоқ, рахмет деген сөздері бар екен. Бірақ, әйелі екеуінің арасында ұрыс өте көп болған».
Инспектор бұл іске қатысым жоқ дегенімен, «өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша іс қозғалып, Түркістан облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеру жүргізіп жатыр.
Ерлан Байдуллаев, Түркістан облысы ПД тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі: «ҚР Қылмыстық кодексінің 105-ші бабы 2-ші бөлігімен қылмыстық іс тіркеліп, аталған тұлға не үшін осындай әрекетке барғанын анықтау үшін және де басқа да жәйттерді анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды».
Қазір марқұмның отбасына полицейдің туыстары арызды қайтып алу үшін ақша ұсынып жатыр екен. Ал артында екі жасар ұлы қалған Бақытжанның жақындары істі соңына дейін жеткізуге бекініп отыр.
Бек Әбиев