Қыс мезгіліне дайындық жұмыстары пысықталды

173

Шымкентте қыс мезгіліне дайындық жұмыстары жандануда. Аудан әкімдіктері мен коммуналдық қызмет мекемелері қардан тазартылатын көше және жаяу жүргіншілер жолдарының сызбасын жасап, жоспар дайындауда.

Қаз — тізілген мына қар күрейтін, қар тиейтін, тайғақ жолдарға инертті материалдар себетін арнайы техникалар жұмысқа сақадай -сай. Қала әкімінің орынбасары Мәулен Айманбетов Шымкенттің алдағы қыс мезгіліне дайындығын пысықтады.

Шенеунік «ЛТД Тұрмыс» серіктестігінде  коммуналдық мекеме басшылары, Абай, Әл-Фараби, Еңбекші ауданы әкімдерінің бұл бағытта атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Үш аудандағы тазаланатын көшелердің сызбасына қатысты ұсынысын айтып, жауаптыларға тапсырма жүктеді: «Шалғайдағы көшелер қалып кетпеу керек. Ең бастысы  әлеуметтік нысандардың төңірегіндегі көшелер  қардан тазаланып, тайғақ болса құм, тұз себілуі тиіс. Назарда болу керек. Сонымен қатар бағытқа шыққан  техникаларды  ЖПС арқылы үнемі қадағалап отыру қажет».

Әкімдіктегілер былтырғы қыста орын алған кемшіліктер биыл қайталанбайды деп сендірді. Ең бастысы жаяу жүргіншілер жолы қардан көше жолдарымен қатар тазартылатын болды. Мұны коммуналдық мекеменің жұмысшылары құптап отыр.

Ерболат Тасболатов, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің жұмысшысы: «Қыс мезгілінде қар жауғанда түнгі  23:00-ден таңға дейін қарды тазалап  шығамыз. Көлік жүргізушілер мен тұрғындарға ыңғайлы болсын деп».

Мыңнан аса қызметкері бар «ЛТД Тұрмыс» серіктестігі қаладағы үш ауданда қызмет көрсетеді. Алдағы қыс мезгілінде шаһардың аумағында 280-дей арнайы техника жұмыс істейді
Бауыржан Әмірбеков, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-і бас директорының орынбасары: «Еңбекші ауданында 74, 71 көшеден Абай  мен Әл-Фараби аудандарында бар. Шаһардағы жалпы  228 көшеде  біздің мекеменің қызметкерлері  жұмыс істейді. Тағы қосалқы мекемелер «Югдорсервис», «Байтерек ЛБ» жұмыс атқарады. Қардан тазалайды, көше сыпырады».

Коммуналдық мекемелердің дайындығын алдағы қыс мезгілі айқындап береді.

Шынар Оразова