Шымкент: Д.Қонаев даңғылы пайдалануға берілді

364

Шымкенттіктер енді Д. Қонаев даңғылымен қатынай алады. Мерзімінен бұрын аяқталған жолды аралаған мегаполис әкімі оның сапасы туралы не айтты? Араға уақыт салып ашылған көшемен алғаш өткен жүргізушілер қандай пікірде? Ал, 2 жылға жоспарланған жолайырық құрылысы толығымен қашан аяқталмақ? 

Көпті күттірген Д. Қонаев даңғылы ашылды. Мердігер компания уәдесінде тұрып қазан айында көлік жүргізуге мүмкіндік жасады. Соңғы күндері асарлатып жұмыс істедік деген сала жауаптылары құрылыстың ең үлкен бөлігі аяқталғанын жеткізді. Ал, жолайырық толығымен желтоқсан айынды пайдалануға беріледі екен. Айта кетейік, 2 жылға жоспарланған құрылыс мерзімі қала тұрғындарына қолайсыздық тудырмас үшін 1 жылға қысқартылған еді.

Ержан Жолдасов, Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Біз былтырғы жылы 15 қазанда тек қақпасын қойып бастағанбыз. Ал бүгін біз негізгі Д. Қонаев даңғылының ең үлкенін бітіріп жатырмыз. Енді қараша айында жоғарғы жағын айналма жолға береміз. Ал жалпы желтоқсан айында аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз».

Мегаполис әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша бұл практика жүзінде ең жылдам салынған жолайырық болмақ. Алғашында, бір жыл ішінде аяқтау керек екенін айтқан қала басшысына мердігер мекеме өкілдері мүмкін емес деген көрінеді. Сондай-ақ, жауаптылар 5 жылдық кепілдігі бар жол жылдам салынғанымен, құрылыс сапасы талапқа сай жоғары дейді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Бұл жолайырық қаладағы 100 пайыз кептелісті шешпейді. Өйткені әр жолайырықтар жәй ғана себеп болады. Ал қазіргі таңда бұл жолайырық сағатына 30 мыңнан 60 мыңға дейін көлік өткізуге мүмкіндігі бар».

Жолайырықтың уақытында аяқталуына ешкім сенбеген еді. Бірақ, міне көріп тұрғандарыңыздай Д. Қонаев даңғылы ашылды. Алғашқы көліктер легі де жүріп бастады. Әрі бүгіннен бастап барлық қала тұрғындарына қолжетімді болмақ.

Көлік жүргізушілерінің басым бөлігі жолдың бүгін ашылатынын күтпеген сияқты. Бірақ бұл жаңалыққа қуанғанын бірден аңғаруға болады.

Үшінші мегаполис тұрғыны Ахматжан Мурзаев жаңа жолмен алғаш жүріп өткендердің бірі. Қала кептелістерінен қажыған ол жалпы жолайырықтың құрылысы да ертерек аяқталса екен дейді.

Ахматжан Мурзаев, тұрғын: «Өте ұнады маған. Бүгін бірінші рет жүрдім. Маған ұнады, өте керемет, жарайсыңдар. Енді бұйыртса екінші жағын бітірсе жақсы болар еді. Керемет, керемет, мүлде әңгіме жоқ».

Айта кетейік, алдағы уақытта Шымкентте тағы 5 жолайырық салынады деп жоспарлануда. Бірақ, халыққа қолайсыздық тудырмау мақсатында біріншісі толық аяқталғаннан кейін ғана екінішісінің құрылысы басталады екен.

Сондай-ақ,  ағымдағы жылдың соңында М.Х. Дулати мен Қазыбек би көшесі де бұрынғы қалпына келтіріледі. Яғни, екі жақты көлік қозғалысына қайта рұқсат етілмек.

                                                                                          Мөлдір Ибадуллаева