Ақылы жолда қандай жағдайда ақша төлемеуге болады?

106

Қазақстанда тағы 7 учаскеде ақылы жол жүйесі енгізілмек. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде айтылды. Ақылы жолдың құны 2013 жылы бекітілген сомамен қалады екен. Жалпы қай автожолдар ақылы болмақ? Одан түскен қаржы қайда жұмсалады?

Биыл 15 қарашаға дейін тағы 7 учаскеде ақылы жолдың қорытынды тестілуі жүргізіледі. Олар «Нұр – Сұлтан – Павлодар», «Қапшағай – Талдықорған», «Тараз – Қайнар», «Шымкент – Тараз», «Шымкент – Қызылорда», «Шымкент – Ташкент», «Щучинск-Көкшетау» учаскелері. Бұл туралы орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Белгілі болғандай өткен жылы ақылы жолдан түскен қаржының көлемі 5,7 млрд. теңгеге жеткен. «ҚазАвтоЖол» басқарма басшысының айтуынша, бұл қаражаттың бір тиыны да басқармаға түспейді екен.

Асқар Мұратұлы, «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ Басқарма төрағасы: «Сол ақшалардың барлығы жолды күтіп ұстауға, оларға керекті материалды алуға және сол жол бойында жұмыс істеп жатқан жұмыскерлерге төленетін қаражаттар. Ол қаражаттан бізге ешқандай бонустар мен үстемақы төлену көзделмеген. Ондай бізде жоқ».

Бұған дейін бюджет ақшасына жол салу мүмкін емес деген Ел президенті ақылы жол енгізудің дұрыс шешім екенін айтқан еді. Мемлекет басшысының осы сөзін мысал еткен брифинг спикерлері дамыған елдердің басым бөлігінде бұл тәжірибе өз нәтижесін беріп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ, көлік жүргізушілері кейбір жағдайда ақша төлемеуге болатынын тілге тиек етті.

Асқар Мұратұлы, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Басқарма төрағасы: «Жолдың сапасы сын көтермейтін болса, жолдағы күтіп ұстау жұмыстары жүргізілмейтін болса сонымен қоса, сонымен қатар Нұр-Сұлтан, Павлодар сияқты жөндеу жұмыстары жүріп жатқан жерлерде жолдың ақысы алынбайтын болады».

Ақылы жолдың құны жеңіл көліктерге 1 шақырым жүргені үшін 1 теңгені құраса, жүк және қоғамдық көлік үшін 5-тен 25 теңгеге дейін. Қаржы олардың жүк көтергіштігі мен жолаушы орындарына байланысты алынады екен.

Айта кетейік, аталған тарифтер ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 30 наурыздағы №429 қаулысымен қабылданған. Бұл өзге елмен салыстырғанда едәуір төмен көрсеткіш екенін айтқан сала жауаптылары алдағы уақытта да бұл сома өзгермейді деді.

Төлеген Абдуллин, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:
«Айта кетерлік жайт, Қазақстандағы мөлшерлеме өзге елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Салыстырып қарасақ, көршілес Ресейде жеңіл автокөліктер 1 шақырым үшін 7 теңге және жүк көліктері 7-ден 55 теңгеге дейін төлейді. Белоруссияда жеңіл көліктер шамамен 20 теңге және жүк көліктері 1 км үшін 47-ден 77 теңгеге дейін төлейді».

Айта кетейік бүгінгі таңда 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол учаскесі бар. Ал 2025 жылға дейін бұлардың санын 11 000 шақырымға жеткізу жоспарланған.

                                                                                       Мөлдір Ибадуллаева