Асар-2 шағынауданында «1-М-1» қосалқы станциясы пайдалануға берілді

43

Шымкент қаласында «Асар-2» шағын ауданының тұрғындары сапалы электр қуатына қол жеткізді. Бұл ауқымды жоба «1-М-1» қосалқы электр станциясының пайдалануға берілу нәтижесінде мүмкін болды. Ал бұған дейін шағынаудандағы 2 765 абонент жекеменшік трансформатор қызметін пайдаланып келген еді. Айтулы іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қатысты.

Асар-2 шағын ауданының тұрғындары көптен күткен сапалы электр қуатына қол жеткізді. 2019 жылдың тамыз айында салынуы басталған «1-М-1» деп аталатын қосалқы электр станциясы пайдалануға берілді. Энергетика саласындағы маңызды кешенді іске қосу шарасына қатысқан Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалада тағы бірнеше қосалқы станция салынатын атап өтті.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Ең бастысы Шымкент қаласында бүгінгі күнде барлық елдімекенде электр қуаты бар. Бірақ оның кей жерлерде сапасы жоқ. Себебі осындай подстанциялардың болмау себебінен. Біз 2025 жылға дейін жалпы жоспар бойынша осындай онын саламыз. Сол кезде әр өзінің бөлінген жерлерін, елдімекендерін, микрарайондарын бөлгені өзі қамтамасыз етіп отырады».

Сондай-ақ, шаһар басшысы елдімекенге жуық арада электр қуатынан бөлек, жол, газ тартылатындығын жеткізді. Ал нысандардың мерзімінен кешігіп жатқан немесе кеш берілуін, мердігерлермен өзара келісімге келудің ұзаққа созылуымен түсіндірді.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Биыл су берілді. Енді міне электр қуатын алып келеміз, енді мына жылдың аяғына дейін үмітіміз бар. Енді газ туралы түсінемін, 10 жылдап күтіп жүр бәрі. Ең бастысын түсіну керек, бізде газ өзінің құрылыс есебімен 2023 жылы бітуі керек. Бірақ арасында қиын жағдайлар ұшырайды. Сол үшін оның бәрін дұрыстап өткізіп алмасақ, ертең газ беріп өшіп қалса жаман. Тағы ұрысасыздар ғой. Сол үшін қазір шыдау керек, бізді қолдау керек.»

Ал «Асар-2» шағын ауданында 2 765 абонент бұған дейін жекеменшік трансформатор қызметін пайдаланып келген еді. Жаңадан қолданысқа берілген осы қосалқы станция арқылы тек асарлықтар ғана емес, маңайындағы елдімекендер де сапалы жарыққа қол жеткізетін болады.

Боранбай Булатбеков, Шымкент қаласы Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Осыны қосқасын міндетті түрде автоматом Асар-2 елдімекеніне және де болашақта 4 елдімекен осы жерден күш-қуат алады. Достық, Солтүстік Саяжай, Асар-2, қасымызда тұрған Қайнарбұлақ сондай елдімекендерді қосамыз. Асар 2 қазір жекеменшіктен алып отыр. Айырмашылығы әрине бағада. Үкіметтікі 16 теңге болса, жекенікі 30-дан асады».

Сонымен қатар, Шымкентте электр жарығының сапасы төмен 16 елді мекенде желілерді жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. 7 елді мекендегі құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Нәтижесінде 21 мыңнан астам адам тұтынатын электр қуатының сапасы артатын болады.

Әлихан Файзханов