Қ.Тоқаев: «Кез-келген мәселені заңсыз шешуге рұқсат жоқ»

72

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысы өтті. Жиында ел Президенті барлық қабылданған шешім бюджетті жоспарлау және мемлекет қаражатын жұмсау кезінде мейілінше тиімді болуы керек екенін атап өтті. Сондай-ақ, құқықтық мемлекет екенімізді еске салған Президент үкіметке заңның қатаң сақталуын тапсырды.

Қазақстандықтардың банктен қарызы 354 миллиард теңгеге жеткен. Алайда банк тарапынан кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді алып қою, сату және тиісті бағалау тетіктерінде шикілік бар. Осылай деген Ел Президенті бұл бағыттағы мәселе тек заң аясында ғана шешілуі керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, олардың кепіл саясатын жетілдіру және бағалау қызметін реттеу мәселесіне арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Ешкімнің заңсыз әрекетпен мәселе шешуіне рұқсат етілмейді. Бұл қайғылы оқиға қарыз алушылардың өз міндеттемелерін орындамауы, банктердің кепілге қойылған жылжымайтын мүліктерді алып қою, сату және тиісті бағалау тетіктерінің шикілігі мәселені жүйелі шешу қажет екенін көрсетті. Бүгінде 540 мың отандасымыздың қарызын өтеу мерзімі 90 күннен асқан, жалпы сомасы 354 миллиард теңге болатын берешегі бар. Қаржы секторына зиян келтірмей, борышкерлерді қолдау үшін тиімді шаралар қабылдау қажет».

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке заңның қатаң сақталуын тапсырды. Ең маңыздысы тұрғын үй алаптары бой көтерген кезде онымен бірге міндетті түрде мектеп пен балабақша салынуы керек екенін жеткізді. Сондай-ақ, қолға алынған өзгерістер «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға септігін тигізуі қажет екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Халқымыз «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деп бекер айтпаған. Әдетте, мәселе жан-жақты талқыланса, дұрыс шешімі табылады. Бірақ, демократия деген желеумен қоғамға іріткі салатын әрекетке жол берілмейді. Мұны естен шығармаған жөн. «Плюреализмге ашық, радикализмнен қашық болуымыз керек». Біздің саясатымыздың басты ұстанымы».

 

Айта кетейік, қазір Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүкіл қылмыстық заңнаманы оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жеке тұлғаға қарсы, оның ішінде отбасылық және күнделікті өмірдегі қылмыстарға қарсы күрес мәселелері жан-жақты зерттеліп жатыр.

Мөлдір Ибадуллаева