Қызылжардағы жаңа емхананың құрылысына қатысты дау ушығып кетті

56

Абай ауданына қарасты Қызылжар елдімекеніндегі 500 орындық емхананың жер теліміне қатысты дау бітер емес.

Бұл жолы жаңа емхананың құрылысын жалғастыруды қолдайтындар бас қосып, жергілікті билікке талаптарын жеткізуді сұранды. Қызылжар шағын ауданынан бөлек, осындағы Жаңаталап, Ынтымақ, Алтын төбе, Жиделі елдімекендеріндегі халыққа жаңа емхана керек екен.

Қызылжар елдімекеніндегі жаңа емхананың құрылысы тоқтап қалғанын естіген тұрғындар осындағы ардагерлер кеңесі ғимаратының алдында бас қосты. Аға буын өкілдері жеке басымыздың емес өскелең ұрпақтың тағдырын ойлап жиналдық дейді.

Зұлпыхар Нұралы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қазіргі мына жағдайда ойын емес, бізге емхана керек. Инфекция тарап, тауықтай қырылып жатқанда. Бізді қоя берші, жасөспірімдеріміздің денсаулығы ше? Не деген сұмдық, әкімдер қайда қарап отыр, жаңа емхананың құрылысын тоқтатып».

Тұрғындардың айтуынша, өткен ғасырдағы 60 жылдардың ортасында салынған №9 емхана заман талабына сай емес. Қызылжарлықтардан бөлек, Жаңаталап, Алтынтөбе, Жиделі, Ынтымақ тұрғын алаптарының тұрғындары тіркелген емхананың мүмкіндіктері төмен, ғимараты да тар дейді тұрғылықты халық.

«Емхана Сталин кезінен тұр, ауруларды қабылдау қабілеті өте төмен,  анализ тапсыруға сонау қалаға барады тұрғындар.  Бізге  ультрадыбысты зертхана, жаңа технологиялары бар емхана керек»- дейді Жақсылық Елтаев.

Жаңа емхананың төңірегіндегі дауды Қызылжар  шағын ауданындағы  ардагерлер  кеңесі мүшелері  халықты жинап өздері шешуге тырысқан-ақ. Алайда жер теліміне қатысты мәселе ушығып кеткен. Жағдайды қолға алу құзырында болмаған соң ақсақалдар биліктен көмек күтіп отыр.

Бастархан Байжанов, Қызылжар  шағын ауданындағы ардагерлер ұйымының  төрағасы: «Жаңа емхананы тез салып берсін. Карантин ғой қазір, әкімдер бір екі адамды тыңдап құрылыс тоқтап тұр. Олар стадион керек деп арыз жазса, біз 1 мың адам қол қойған арыз жазамыз».

Гүлістан көшесінің бойындағы мына қазу жұмыстары тоқтатылған нысанда 500 орындық емхананың құрылысы жүргізілуі тиіс болатын. Бірақ бұл жерге стадион салынуы тиіс деген бірқатар тұрғындар сотқа арызданып, мердігердің жұмысы тоқтаған. Бұл жерге енді емхана салына ма, әлде стадион бой көтереді ме, оны қазірше ешкім дөп басып айта алмайды.

Шынар Оразова