Еліміздің 14 аймағында көмір қымбаттаған. Қатты отынның орташа бағасы 5,1 пайызға өскен.
Бір ай бұрын ең қымбат көмір Орал қаласында — бір тоннасы 19 мың 300 теңгеден сатылыпты. Таразда – 15 мың 600 теңге, Түркістанда 15 мың 300 теңге тұрған. Ал ең арзан көмір Семейде 9,8 мың теңгеден сатылған. Ал Шымкенттегі ахуал қандай?
Шымкенттің іргесіндегі Қызылсай отын базасының аумағы жүк көлікке толы. Вагондардың алдында кезегін күткен жүргізушілер, көмірді тиеуге дайын. Осындағы қызметкерлердің айтуынша Шұбаркөлден көмір тиелген 3 вагон келген.
Төлепбай Үсіпбеков, жүргізуші: «Саяжайға тасимыз. Маусымның басы болғанан кейін ажиотаж болып жатыр. Ол жылда болатын жағдай. Өзімнің көмір тасып жатқаныма 5-6 жыл болды, қоры жеткілікті».
Жүргізушілердің басым бөлігі көмірді табиғи газ жүйесіне қосылмаған шалғайдағы елдімекендерге Темірлан, Көктөбе, Қайнарбұлақ, Жаңаталап, Тассайға жеткізіп береді екен.
Қамбар Сраилов, Ордабасы ауданы Көктөбе ауылының тұрғыны: «Осы жерде арзанырақ болғанан кейін талас. Көмірдің бағасы 14 600 теңге. Ордабасы ауданына жеткізіп беру құны 12-13 мың теңге» .
Көмірдің бағасы Шығыс Қазақстан облысында бір жыл ішінде 10,8 пайызға қымбаттаса, Жамбыл мен Түркістан облыстарында 8,6 пайызға көтерілген. Батыс Қазақстан облысында ғана биыл 1 пайызға арзандапты. Ал Шымкентте қатты отынның бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 200 теңгеге көтерілген-дейді жүргізушілер.
Дархан Нақыпбаев, жүргізуші: «Көмірдің қазір тоннасы-14 600 теңге, былтыр 14 400 теңге болған».
Бұл отын базасынан көмір жеке секторға тасымалданады екен. Жылыжайлары бар шаруа қожалықтары және кәсіпорындар қатты отынды шаһардағы өзге базалардан алатын көрінеді. Осында жетісайлық жүргізушілер де жүр. Көмір Мырзашөлде 22 мың теңгеден сатылады екен.
Шынар Оразова