Шымкентте көпбалалы отбасы өрт салдарынан баспанасынан айырылды

184

Шымкентте көп балалы жанұя өрт салдарынан баспанасынан айырылды. Еникеевтер отбасының 5 жыл бойы маңдай терімен көтерген үйі отқа оранған. Құтқарушылар «тілсіз жау ескі пештен шыққан», -дейді. Дегенмен, апаттың нақты себебін өрт зертханасы әлі де анықтап жатқан көрінеді.

Күздің қара суығында бұл жанұя қарапайым отқа жылынуға мәжбүр. Тілсіз жау салдарынан шатырсыз қалған Еникеевтер отбасында 7 адам бар. Далада қалған 5 бірдей баланың әкесі сантехник болып жұмыс істейді екен, ал отанасы жұмыссыз. Көп балалы ананың айтуынша, күйеуінің жалақысы мен алатын жәрдемақысы ештеңеге жетпейтін көрінеді. Өрт шыққан түнді  отбасы мүшелері қорқынышпен еске алады.

Рамзия Еникеева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз шатырға шықтық, түтіннен дем алу мүмкін емес, бірден өрт сөндірушілерді шақырдық. Олар келді, алайда бәрі қирап қалған еді. Түңгі 3-тің кезінде біз оларға қоңырау шалдық, ал өртті 4 — терде сөндірді. Қызметкерлерің айтуынша, өрт электр сымдарынан болған екен, дегенмен менің ойымша ол электр сымынан болмаған. Яғни, бұл жерде емес, бөлменің арғы жағынан түтін шығып тұрды».

Өрттен зардап шеккендердің айтуынша, олар бұл үйді тұрғызу үшін, 5 жыл бойы еңбектенген екен. Еникеевтердің енді барар жері де, жаңа баспана салуға қаражаты да жоқ көрінеді. Заңгер Евгений Яворскийдің айтуынша, мұндай жағдайда мемлекет отбасын үймен қамтамасыз етуге міндетті емес. Апаттан зардап шеккендер мәселені өздері шешуі керек, -дейді.

Евгений Яворский, заңгер: «Заң бізге мүлкімізді сақтандыруды міндеттейді. Егер ол сақтандырылған болса, онда үйді сатып алу немесе жөндеу үшін жағдайға байланысты ақшалай өтемақы жасауға болатын еді. Дегенмен сақтандырушылар да өз жұмысын өте ұқыпты орындайды, келісімшартқа отырғанда бәрін оқып шығуға тиіспіз».

Бүтіндей бір отбасының далада қалуына себепші болған сол түнгі өртті 14 құтқарушы сөндірген екен. Жалынның бетін қайтаруға 3 бірдей техника жұмылдырылыпты. Мамандар әлі де өрттің себебін анықтауға тырысып жатқан көрінеді.

Эльдар Паттахов, Шымкент қаласы Абай ауданы ТЖ бөлімінің аға инженері: «Өртті қасақана қойды деуге еш күдік жоқ, негізгі себеп пеште. Жалын 6 шаршы метрді қамтыған, яғни үйдің төбесі мен шатыры түгелімен отқа оранды. Үй иелері бұған дейін пешті тазалағанын айтады, бірақ 2018 жылы да дәл осы жағдай орын алған болатын. Ол кезде де дәл осы үйден шыққан өрттің негізгі себебі пештің ақауы еді».

Қазіргі таңда, баспанасынан айырылған көп балалы отбасы таныстарының үйлерін паналауға мәжбүр. Себебі өрттен түгі қалмаған бұл баспанада тұру енді мүмкін емес.

Аида Қарсыбайқызы