Шымкентте шекарашыларға құрмет көрсетілді

133

Шымкентте Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, сондай-ақ ҚР Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл толуына орай «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» және «Мемлекеттік шекара» мерекелік кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті. Айтулы жиында шекарашыларға «Ұлттық қауіпсідікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалі табысталды.

Гүлнұр Күзенбаева бұл шараға жары Төлеби Шығанбаевқа тиесілі марапатты алу үшін арнайы Түлкібас ауданынан келген. Қысқа ғұмырын шекара шебінде отан қорғауға арнаған Төлеби Шығанбаев осыдан 6 жыл бұрын қаза болған. Гүлнұр жарынан аманат болып қалған жалғыз ұлының әке жолын қуып Отан қорғаушы болғысы келетінін айтады.

Гүлнұр Күзенбаева, Түлкібас ауданының тұрғыны: «27-28 жыл болыпты ғой, Төлебидің әскерде болғанына, сол міне 28 жыл дегенде. Тәжікстан шекарасында болған әскерде 1993-94 жылдары болған. Шекара қызметіндегі Тәжікстанда болған Отан қорғаушыларды осы 30 жылдыққа қарсы еске алып, ескеріп осындай іс-шара ұйымдастырып жатыр».

Марқұм Төлеби Шығанбаевтың туыстарының сөзінше, 30 жыл ішінде алғаш рет шекарашыларға осындай құрмет көрсетіліп отырған көрінеді.

Рахат Тілеубаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бүгінгі іс-шара керемет үлкен деңгейде өтіп жатыр. Мұның бәрі ҚР Тәуелсіздігінің 30-жылдығына байлансты жақсы қолға алып, осындай іс-шараны бастаған екен. Басында жаңа қайтыс болған шекарашыларға тағзым етіп, гүл шоғын қойдық».

Жиында шекарашылардың қызметі мен ерен еңбегін насихаттау мақсатында «Отандық арнаулы қызметтің хроникалары» және «Мемлекеттік шекара» мерекелік кітабы басып шығарылды. Онда ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жүргізілген күрделі операциялардың жетістіктері туралы айтылған. Қайсар Тасибековтың айтуынша, аталған кітаптар тек мерекелік қана емес, болашақта әдістемелік құрал ретінде де қолданысқа енбек.

Қайсар Тасибеков, ҚР ҰҚКД Шымкент қаласы бойынша бастығы:  «Аталған кітаптар ұлттық қауіпсіздік органдарының қалыптасуының негізгі кезеңдері көрсетілді. Сонымен қатар, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мемлекетіміздің шекарасын қорғау ісіне лайықты үлес қосқан жедел қызметкерлер мен шекарашылардың қызметі туралы баяндалған. Аталған кітапта еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында комитетпен жүргізілген күрделі операциялардың 30 жетістігі көрсетілген».

Күн түнде демей шекара шебінде тұрып, ел қорғауда ерекше көзге түскен үздіктер дәл осы жиында «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» медалімен марапатталды. Олардың қатарында ерлікпен қаза тапқан запастағы кіші сержант Ерлан Мұсабеков пен запастағы қатардағы жауынгер Төлеби Шығанбаев та бар. Марапат жауынгерлердің жұбайларына табысталды.

Гүлдана Дәурен