«Шаңырақ» күні – мейірім мен жылулықтың, ана мен балаға деген ерекше құрметтің белгісі. Наурызнаманың ішіндегі ең маңызды күндердің бірі ретінде бекітілген бұл күні Шымкент қаласындағы перзентханаларда өмірге сәби әкелген аналарға ерекше ықылас көрсетілді.
Қалалық перинаталдық орталық бүгін ерекше көңіл күйге бөленді. Ақ халатты абзал жандар «Шаңырақ» күнінде жаңадан босанған аналарды құттықтап, жүрекжарды тілектерін арнап, сыйлықтар табыстады. Бұл – тек мерекелік шара ғана емес, анаға деген шынайы құрметтің көрінісі.
Өмірге сәби әкеліп, бақытқа кенелген аналардың бірі – Жансая Дәуренбекова. Ана болу бақытына енді ғана қол жеткізген ол сәбиімен бірге екі айдан астам уақыт дәрігерлердің бақылауында. Бүгінгі күн оның жүрегіне ерекше жылулық сыйлады.
ЖАНСАЯ ДАУРЕНБЕКОВА, ана: “Мен таңғы сағат 10:00-де босандым. Нәрестемнің салмағы небәрі 700–900 грамм болды. Алғашында қатты уайымдадым… Бірақ сәбиімді көрген сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын. Қазір жағдайымыз жақсы. Ең бастысы – балам аман. Осы перзентханадағы дәрігерлерге алғысым шексіз. Олар бізге тек ем жасап қана қоймай, әр күнімізге үміт сыйлады. Қиын сәттерде жанымыздан табылып, моральдық тұрғыда да үлкен қолдау көрсетті”
Шынында да, бұл мекеме – талай ананың үмітіне айналған орын. Мұнда тәулік бойы күрделі жүктілік жағдайларына мамандандырылған көмек көрсетіліп, әрбір сәби өмірі үшін күрес үздіксіз жалғасады.
«Шаңырақ» күніне орай қаладағы барлық төрт перзентханада аналарға құрмет көрсетіліп, жүрекке жылу сыйлар сәттер ұйымдастырылды. Айта кетейік, жыл басынан бері Шымкентте 4 911 сәби дүниеге келген. Оның 2 493-і ұл, 2 418-і қыз. Әрбір жаңа туған нәресте – бір отбасының қуанышы, бір шаңырақтың шаттығы.
Лаура Бабас






