Шымкентте прокуратура қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ерекше атмосферада атап өтілді. Ел тыныштығы мен әділдіктің бекем болуына үлес қосып жүрген сала үздіктері арнайы марапатқа ие болды. Сонымен қатар биыл мерекелік жиын жаңа форматпен өтіп, «Құқық премиясы» табысталды.
Қаламызда үздік қызмет атқарған прокурорлар марапатталды. Соның бірі Ерлан Сәдібеков. Ол екінші дәрежелі мінсіз қызметі үшін медаліне ие болды. 15 жылдан бері қадағалаушы органда еңбек етіп келе жатқан маман азаматтардың жазықсыз сотты болып кетпеуін қадағалау – басты міндетінің бірі екенін айтады.
ЕРЛАН СӘДІБЕКОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫ ПРОКУРОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Бір жағынан қобалжып тұрмын. Бір жағынан қуанып тұрмын. Елге тыныштық тілеймін. Мен Қаңтар оқиғасына байланысты прокурор болып тағайындалдым. Қала прокуроры сенім артып тапсырды. 6 ай алдын ала тергеп тексеруге қатыстым. Кейбірі біліп барады. Кейбірі білмей барады. Көбісі үгіттеумен барған. Әрине жүрегің ауырады. Бірақ заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан жазаланды. Одан бөлек 2017 жылы аса ауыр жаза бойынша күзетпен ұстау шарасына тартылған еді. Кезекшілікке түсіп, оның кінәлі емес екенін дәлелдеп шыққанмын».
Прокуратура күні қарсаңында үш маманның шені өсіп, марапат салтанатты түрде табысталды. Сонымен қатар жыл бойы ерекше көзге түскен қызметкерлер де назардан тыс қалған жоқ. Мерекелік жиынға арнайы келген қала прокуроры әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады.
ҒАБИТ МҰҚАНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ: «Баршаңызды прокурорлар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Атаулы күн елге адал қызмет етуді. Қоғамдағы тәртіп пен әділдікті нығайтуға бірлігімізді көрсететін ерекше күн. Салтанатты жиынды отбасымызбен 2 жыл бірге атап өтуді дәстүрге айналдырдық».
Биыл мерекелік шара ерекше форматта өтті. «Құқық премиясы» ұйымдастырылып, бір жыл ішінде ерекше есте қалған сәт негізінде үздік мамандарға құрмет көрсетілді.
Сонымен қатар қала прокуратурасы елімізде бірінші болып есірткі сату фактілерін жасанды интеллект көмегімен анықтай бастағанын жеткізді.
БЕРІК ЕРЛАН, ҚАЛА ПРОКУРОРЫНЫҢ КӨМЕКШІСІ: «Қызметкерлер отырып іздеп уақытын кетіретін еді, енді жасанды интеллект арқылы анықтап жатыр. Есірткі сатып тапқан шотты бұғаттайды. Ақшалар шетел асып кетеді ғой. Бұған дейін бұлай осылдай шетел азаматтанын бұғаттау болмаған».
Мерекелік кеш аяғы концерттік бағдарламаға ұласты.
Әсел Мәлік






