Шымкентте көктем мерекесі қарсаңында нәзік жандыларға ерекше құрмет көрсетілді. Қала әкімдігі ұйымдастырған салтанатты кеште түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қызыл кілеммен жүріп өтіп, марапатқа ие болды.
Шымкент қаласының әкімдігі көктемнің шуақты мерекесі – 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай түрлі салада еңбек етіп жүрген қыз-келіншектерге құрмет көрсетті. Мерекелік шараға жиналған арулар алдымен қызыл кілеммен жүріп өтіп, ерекше ықыласқа бөленді. Оларды қарсы алған жігіттер қауымы әрқайсысына гүл шоқтарын табыстады. Ал қала әкімі Ғабит Сыздықбеков нәзік жандыларды көктем мерекесімен құттықтап, оларға жылы лебізін білдірді.
Салтанатты жиында қала әкімі өз қызметінде ерекше көзге түсіп жүрген бірқатар мамандарды марапаттап, алғыс хаттар табыстады. Марапат иелерінің қатарында қарапайым қызметкерлерден бастап, түрлі салада жауапты қызмет атқарып жүрген мамандар да бар. Ерекше құрметке бөленгендер ыстық ықыласын да білдіріп жатты.
Салтанатты кеште әсем ән шырқалып, мерекелік бағдарлама ұсынылды. Осылайша құрмет пен ізетке бөленген әйелдер көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Дилара Иса






