Тұранда «Шаңырақ» бағытымен 280 отбасы баспаналы болды

89

«Тұран» мөлтекауданында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы тұрғындар баспанаға қол жеткізіп отыр. «Шаңырақ» бағытымен тұрғын үй кезегінде тұрған 280 отбасының бірнешеуіне несиелік пәтердің кілті табыс етілді. Тұрғын үй кезегімен баспаналы болғандардың қуанышында шек жоқ.

Данияр Әшірбаев баспана алу үшін 2015 жылдан бері кезекте тұрып, бүгін сол мақсатына қол жеткізіп отыр. Жұбайымен бірге осы күнге дейін жалдамалы пәтерде тұрған олар үй аламын деп талай рет алаяқтарға алданғанын да айтады. Ал бүгінде баспаналы болған жас ерлі-зайыптылардың қуанышында шек жоқ.

Данияр Әшірбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «2017-ден бастап «Отбасы банк» арқылы салымдарымызды салып, жинадық. Соның арқасында «Шаңырақ» бағдарламасымен 3 бөлмелі пәтердің кілтін алып отырмыз. Қуаныштымыз. Қиыншылықтар көп болды, алдандық қанша адамға, енді өзіміздің үйіміз бар құдайға шүкір. Бір баламыз бар».

«Тұран» шағынауданында жаңадан салынған бұл үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында берілуде. «Шаңырақ» бағытымен тұрғын үй кезегінде тұрған 300-ге жуық отбасы несиелік баспанаға қол жеткізіп отыр.

Әбілсейіт Рабаев, Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы: «Бүгін бұл жерде міне қазір 5 үйді беріп жатырмыз. Кезең-кезеңімен беріп жатырмыз, өйткені жаңағы тұрғындар жиналуы керек. «Отбасы банктің» арнайы тізімімен өтеді. Қазір 5 үйді беріп жатырмыз. 61, 62, 63, 64, 65 үйлер, 280 пәтер.  Сметалық құны 4,5 млрд. теңге болады осы 5 үйге».

Жыл соңына дейін «Шаңырақ» бағыты бойынша жалпы саны 1728 азамат несиелік баспанамен қамтылады деп жоспарлануда. Айта кетейік, аталмыш бағытпен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар отбасының ортақ табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда қатыса алады. Оның соммасы 2021 жылға 126 917 теңгені құрап отыр.

Әлихан Файзханов