Қоғамдық орындарда бет-жүзді толық жабатын киім киюге қатысты талап қайтадан қоғам талқысына түсті. Ішкі істер министрлігі азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырып отыр. Бұл шектеу не үшін енгізілген? Қандай жағдайда бет-жүзді жабуға рұқсат беріледі? Шымкентте жыл басынан бері қанша адам жауапкершілікке тартылды? Бірі заңды қолдаса, енді бірі мұны жеке таңдау мәселесі деп санайды. Қоғам пікірі мен құзырлы органның уәжі — алдағы сюжетте.
Қазақстанда қоғамдық орындарда адамның бет-жүзін тануға кедергі келтіретін киімдерді киюге тыйым салынады. Бұл талап қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Жақында ішкі істер министрлігі тағы бір рет азаматтарды заң талаптарын сақтауға шақырды.
«Қоғамдық орында бетті бүркемелеп жүру қаншалықды дұрыс деп ойлайсыз?»
» — Дұрыс емес деп ойлаймын. Сол өзіміздің қазақи орамал болса орамал, бірақ бүркенуге қарсымын. Және де ол дұрыс емес деп ойлаймын».
«Негізі әр адамның өзінің таңдауы ғой. Оған менің ешқандай қарсылығым жоқ. Әр адам өзі ұнайтын киім киіп, жұмысын істеп жүргеніне қарсы емеспін».
Тыйым ауа райы жағдайына және медициналық ұсынымдарға қатысты қолданылмайды. Сондай-ақ қызметтік міндеттерді атқару, спорттық және мәдени іс-шараларға қатысу кезінде де беті бүркеуге рұқсат етіледі. Құқық қорғау органдары тұрғындарға заң талаптарын сақтауға шақырғанымен, оған бағынбағандар бар. Мысалы, жыл басынан бері Шымкентте қоғамдық орындарда бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті киіп жүру туралы заң талаптарын 283 адам бұзған. Олардың төртеуіне айыппұл салынып, қалғанына ескерту берілген.
«Тыйым тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталғанын және бет-жүзді жасыратын кез келген киім түріне қатысты қолданылатынын атап өтеміз. Ішкі істер органдары Заң мен Тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып, азаматтарды қоғамдық орындарда белгіленген ережелерді сақтауға шақырады»
ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРЛІГІ
Заң талабын бұзған тұрғынға әуелі ескерту беріледі. Егер бір жыл ішінде қайталанған жағдайда 10 айлық есептік көрсеткіште, яғни 43250 теңге айыппұл салынады. Айта кетейік, Қазақстанда 1600-ден аса адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Дилара Иса






