Үшінші мегаполисте жарық сөнуі жиіледі

75

Шымкентте электр энергиясының жетіспеушілігі байқалуда. Арнамызға шағымданған тұрғындардың айтуынша жарық бір күнде 5-6 сағатқа өшетін көрінеді. Әрі бұл жағдайдың қайталанып жатқанына 2 айдың жүзі болған. Ал сала жауаптылары бұл мәселені қалай түсіндірді? Жарықтың жиі сөнуіне не себеп?

«Жарықтың сөнуі жиілеп кетті». Осылай деп шағымданған Ю.Гагарин көшесі 24 үй тұрғындары бұл жағдайдың 2 айдан бері қайталанып жатқанын алға тартты. Айтуларынша жарық кешкі уақытта 5-6 сағат бойын сөніп тұрады екен. Оқушылар сабақтан келетін мезгілде өшіп қалады деген қарапайым жұрт олардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз дейді.

Гүлнара Рысбаева, тұрғын: «Бұрындары 15-20 минут өшіретін. Қазір 5-6сағат өшіріп жатыр. Қазір балдардың бәрі сабақтан шығады. Кешкі 6-7 шығады. Ол кезде тас қараңғы. Кеше 10 жарымда жарық берді. Бәрімізді бала-шаға бар. Қорқамыз. Мына жерде біреу күтіп алып, өлтіріп кетсе де ешкім ештеңе істей алмайды. Дұрыс па?».

4 баланың анасы Әмина Глазунова да жарықтың жиі сөнуі, күнделікті тірлікке кедергі келтіріп жатыр дейді. Тіпті соңғы кездері көршілерінің жарық санағыштары күйіп жатқан көрінеді. Жақында өз ұлының да қуаттағышта тұрған ұялы телефоны істен шығыпты. Бұл шығынның бәрін кім төлейді деген көпбалалы ана жауаптылардың бей-жай қарап жатқанына қапалы.

Әмина Глазунова, тұрғын: «Мен 109-ға звондадым, олар маған 2 сағат ішінде жарық келеді, сағат 8- де береміз деді. Сосын мен тағы звондадым. Ол кезде маған апаттық жағдай екенін айтты. Қашан келетіні белгісіз деді. Қашан беретінін мен білмеймін деді. Олар маған 35-74-48 деген номер берді. Оған звондасам телефонды көтерген жоқ».

Ал сала жауаптылары тұрғындарды сабыр сақтауға шақырды. Себебі бұл жағдай тек осы аумақ тұрғындарында ғана емес Шымкенттің өзге аудандарында да орын алып жатыр. Айтуларынша, көгілдір отынның жетіспеушілігінен электр энергиясын пайдалану көрсеткіші жоғарылаған. Салдарынан жарық жиі сөніп қалып жатыр дейді.

Бүгінгі таңда қалада табиғи газдың жетіспеушілігінен электр энергиясын тұтыну барынша өсті. Осыған байланысты КЕГОК АҚ тарапынан 110 кВ кейбір желілерін уақытша ажыратумен ВЛ-220 кВ шиналарындағы кернеу жүктемесі реттелуде. Сондықтан, қала аумағындағы елдімекендерде электр қуатының сөнуі жиі орын алуда.

Бұл мәселенің қашан шешілетінін дөп басып айта алмаймыз деген жауаптылар, тұрғындарды бұл жағдайға байланысты түсіністік танытуға шақырды.

Мөлдір Ибадуллаева