Жалақыдан ұсталатын табыс салығының мөлшері өзгеруі мүмкін

54

Қаржы министрлігі жалақыдан ұсталатын табыс салығының мөлшерін қайта қарастыруға кірісті. Бұл туралы мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифинг барысында  айтты

Жалақының айырмашылығына қарай салықтың көлемі өзгере ме? Қазір ең төменгі жалақы алатын азаматтардан да жеке кіріс салығы алынады. Мысалы, 50 мың  жалақы алатын адам мен 500 мың теңге жалақы алатын азамат бірдей көлемде салық төлеуге міндетті. Салық реформасында осы мәселе қарала ма? «, – деп сұрады тілшілер төраға орынбасарынан.Іңкәрбаевтың айтуынша, қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы бұл мәселені қарастыруға кіріскен.

«Әрине, қазір әртүрлі реформалар жүргізіліп жатыр. Қаржы министрлігі экономика министрлігімен осы мәселені қарастырып жатыр, арнайы жұмыс тобы құрылды. Сол жұмыстың нәтижесінде салық қандай мөлшерде және қандай жалақыға салынатыны туралы шешім шығарылады. Әзірге ақпарат беруге ерте деп ойлаймыз», – деді ол.

Былтыр мемлекет басшысы Қасым-Жомарт жеке табыс салығының үдемелі өлшемін енгізуді тапсырған.

Шынар Оразова