Úı ANONS Салықтық жеңілдіктер мен өзгерістер

Салықтық жеңілдіктер мен өзгерістер

Қаржы министрлігі шағын және микро бизнеске жеңілдік жасауды көздеп отыр. Егер кәсіпкерлер 1 сәуірге дейін негізгі салық қарызын өтесе, оларға салынған айыппұлдар мен өсімпұлдар кешіріледі. Бұл өзгеріс жаңартылған Салық кодексіне көшу кезінде бизнесті қолдауға арналған. Кәсіпкерлерді тағы қандай өзгерістер күтіп тұр?

Қазақстан үкіметі шағын бизнесті қолдауға арналған «таза парақ» бағдарламасын іске қосты. Енді микро немесе шағын бизнес өкілдері 1 сәуірге дейін негізгі салық қарызын өтесе, өсімпұл төлемейді. Сарапшылар бұл шара бұрын да нәтиже бергенін айтып отыр. Алайда шағын бизнестің табысы мен қарызы көп емес. Ал камералдық салықтық бақылаудан бас тарту туралы бастама мамандар арасында сұрақ тудырып отыр.

АЙДАР МАСАТБАЕВ, «SALYQTEZ» ЗАҢ ФИРМАСЫНЫҢ БАСҚАРУШЫ СЕРІКТЕСІ: «Мұнда екі бастама бір-біріне қарсы келеді деп айтуға болады. Яғни, өсімпұл амнистиясы мен тексерулердің тоқтатылуы. Егер салық төлеуші өзінде төленбеген салық бар екенін байқаса және салық органдары оны анықтаса, бір жағынан негізгі қарызын төлеу оған тиімді, себебі өсімпұлдан босатылады. Бірақ екінші жағынан, ол тексерулер болмайтынын да біледі»

Сарапшылар камералдық бақылауға қатысты кейбір ережелерге назар аудару керек дейді. Себебі тексеру тек өткен жылдың 17 желтоқсанына дейін есеп берген кәсіпкерлерге жүргізілмейді. Бірақ кейбір кәсіпкерлер есептерін кешіктірсе, 2025 жыл да камералдық тексерулерге ілігуі мүмкін. Сол себепті «таза парақ» бағдарламасы әрдайым тиімі бола бермейді екен.

ЕКАТЕРИНА КИМ, САЛЫҚ САЛАСЫ БОЙЫНША САРАПШЫ: «Өкініштісі, кәсіпкерлер «таза параққа» кіретінін, не кірмейтінін нақты білмейді. Өсімпұлдар мен айыппұлдарды кешіруді де комиссия өзі шешеді. Тіпті кімді қосатынын, кімді қоспайтынын да анықтайды»

Үшінші жаңашылдық микро және шағын бизнесті ҚҚС бойынша уақытында тіркелмегені, тіркелмей жасалған мәмілелері немесе өткен жылдарға есеп бермеуі үшін жауапкершіліктен босатады. Сонымен қатар, Қаржы министрлігі 2026 жылы шағын бизнеске өсімпұлдар мен айыппұлдарды мүлде төлемеу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Лаура Бабас