Мүлік және жер салығын төлемегендердің банктегі есеп-шоттары бұғатталады

154

Берешегі бар шымкенттіктерді салықшылар жаңа Жылды қарызсыз қарсы алуға шақырады.

Сала мамандары міндетті төлемдерді мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болатынын ескертеді.

Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша шаһарда 228 139 жылжымайтын мүлік тіркелген. 57 мыңнан астам жерлесіміз мүлік салығы бойынша 449 млн. қарыз болса, жер салығынан 24 мыңға жуық төлеушінің 76 млн. берешегі бар.
Аббасхан Сейдахметов, Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің жетекші маманы: «Мүлік  және жер салығы бойынша жиналып қалған қарыздарыңызды төлеуге шақырамыз. Борышкерлермен сот орындаушылары жұмыс жасайды. Қарызы бар азаматтардың банктегі есеп-шоттары бұғатталады. Шекарадан асып кете алмайды».

Естеріңізге сала кетейік , 2020 жылға мүлік және жер салығы мерзімі ағымдағы жылдың 1 қазанында аяқталды. Мәселен, Еңбекші ауданы бойынша 59 мыңнан астам жылжымайтын мүлік тіркелген. Алайда бүгінгі күнге дейін 13 мың салық төлеуші міндетті төлемді өтеуге асықпайды. Олардың берешегі 65 млн теңгені құраған. Қарыздар енді сот орындаушылары арқылы өндірілуде.

Мейірбек  Бексұлтанов, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы:  «Мүлігі немесе жері үшін азаматтарға  қарыздарын төлеуге  30 күн , сосын 5 күн беріледі. Осы мерзімде төлемеген жағдайда  сот орындаушылары жұмыс істейді. Ауданда 3 жарым мың борышкерге сот шешімдері жіберілді».

Жер және мүлік салығын E-salyq Azamat, Kaspi.kz және Homebank мобильді қосымшалары арқылы төлеуге болатынын сала мамандары кезекті рет ескертеді. Ыңғайсыз жағдайға тап болмас үшін берешегіңізді мерзімінде өтегеніңіз абзал деп кеңес береді салықшылар.

Шынар Оразова