«Халықтың үнін тыңдар шенеунік бар ма?». Осылай деп ашынған «Тұран» шағынауданының халқы арнамызға шағымданды. Қарапайым жұрт балаларының қауіпсіздігіне алаңдаулы. Сөздерінше, автобус сабақтан қайтқан оқушыларды үлкен жолдың бойында тастап кетеді екен. Наразы тұрғындар қоғамдық көлікті Кәусар көшесінің ішімен жүргізсін, не болмаса қауіпсіздікті қамтамасыз етсін деген талап қойып отыр.
Зәуре, тұрғын: «Автобустан түсіп, жолдан өтемін дегенде ана жақтан келе жатқан көлік қағып кетті. Ана бала жатыр, беті қан. Аяқ киімі ана жақта, өзі мына жақта жатыр».
Дәл осы жағдайдан кейін Тұран шағынауданының халқы көшеге шығып наразылық білдірді. Күні кеше дәл осы маңда сабақтан келе жатқан 2 сынып оқушысын көлік қағып кеткен еді. Оқыс оқиға орын алған бұл қиылыста аялдама да, бағдаршам да, тіпті жаяужүргіншілер жолағы да жоқ.
«Бала ол. Қарамай өтіп кетіп қалады, машиналар да қатты жүреді бұл жерде. Қорқамыз,уайымдап отырамыз. Шыға аламаймыз, шақалағы бар біреуінің денсаулығы жоқ баласы бар. Әркімде әр түрлі», дейді тұрғындар.
Саят Абдукадирова, тұрғын: «Қала әкімінің орынбасары келіп, не уәде берді? Болды ой бір айдың ішінде мына жерге жолаушылар сызығын сызып береміз. Тротуар салып береміз. Арықтарыңызды тазалаймыз, жол істейміз, аялдама қойып береміз деп уәде беріп кетті. Бізге берген уәдесі қайда енді?».
Бұл мәселені көтеріп бірнеше рет шағымдандық деген жұрт әлі күнге нәтиже көрген жоқпыз дейді. Халықтың жанайқайын тыңдаған біз оны жеткізу үшін жауапты мекемелерге хабарласып көрдік. Көп ұзамай энергетика басқарма басшысының орынбасары келіп «ешқандай жол белгісін орната алмаймыз» дегенді кесіп айтты.
Бәкен Мақұлбеков, Шымкент қалалық энергетика басқармасының басшы орынбасары: «Мына жол бітпеген жол. Мынаның қазір үшінші қатары салынады мынаған. Содан кейін барып белгілер қойылады».
Жол тек келесі жылы салынып бітеді екен. Себебі, -1 градуста асфальт төсей алмаймыз деген басшы орынбасары күннің жылынғанын тосу керек екенін айтты. Ал Қаратау ауданы әкімдігінен келген бөлім басшысы, бұл біздің құзыретімізде емес, біз тек ұсыныс береміз деген уәжбен шектелді.
Бауыржан Қалдыбаев, Қаратау ауданы әкім аппаратының бөлім басшысы: «Энергетика басқармасы тарапынан келесі жылға бітіріп аяқтайды да, сол кезде барлық жол белгілерін орнатып беруіңізді сұранамыз деп біз ұсыныс береміз».
«Орынбасары келеді ештеңе шеше алмайды. Бөлім басшысы келеді, шеше алмайды. Бізге әкімнің өзі келсін. Айналайын, әкім келші. Әйтенов келіңізші бізге. Халықпен бірге көрсей, мында не болып жатыр, не жағдай? Бізді ешкім елемейді», дейді тұрандықтар.
Бастапқыда биыл қолданар шарамыз жоқ деп тұрған мамандар кейіннен ашынған халықтың жанайқайын түсінгендей болды. Мәселені жан-жақты сараптап, проблеманы шешудің уақытша болса да жолын тапты. Яғни, Қаратау әкімдігінің ұсынысымен, энергетика басқармасының орындауымен келесі аптада бұл жерде жаяу жүргіншілер жолағы мен аялдама салынатын болды.
Балаларының қауіпсіздігін ойлаған тұрғындар, мамандарға нөмірі 17 автобусты Кәусар көшесі арқылы жүретін етіп берсеңіздер деген өтінішін айтты. Алайда қалалық транспорт басқармасы бұған дейін осы көше арқылы қатынаған қоғамдық көлікті енді олай жүргізе алмаймыз деп кесіп айтты. Себеп-кешендік схемаға сай келмейді екен. Енді халық қала әкіміне арызданамыз деп бекініп отыр.