«Жәннатул Фердауси» қоры қазығұрттықтарға жол сыйға тартты

237

9 шақырымдық жол – халыққа сый. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына «Жәннатул Фердауси» қайырымдылық қоры Қазығұрт жұртшылығы үшін жол салып берді. Айта кетейік, ел игілігіне берілген бұл жол таулы аймаққа төселген. Ұйымдастырушылар, ол жерге көктемде медресе саламыз дейді. Сондай-ақ, маңына мыңдаған көшет отырғызып, демалыс орынына айналдыру жоспарда бар екен.

Құрылғанына 5 жылдың жүзі болған «Жаннатул Фердауси» қайырымдылық қоры осы уақытқа дейін жақсылықтың жаршысы боп біршама жобаларды жүзеге асырып келді. Енді міне Қазығұрт жұртшылығы үшін жол салып, кезекті рет елдің алғысына бөленіп отыр. Айта кететіні, бұл жол Қақпақ елдімекенінен бастау алып, Көктөбе тауының ойлы-қырлы жерінің 9 шақырымына тас төселген. Ұйымдастырушылар мұнда көктемде 500 балаға арналған медресенің құрылысын ерекше үлгіде саламыз дейді.

Әбдіжаппар Сманов, «Жаннатул Фердауси» қайырымдылық қоры құрылтайшысы: «Қазақтың салт-дәстүрі, бабалардың қайтіп өмір сүргенін басқа ұлттарға көрсету үшін мына жерді тегістеттім және мынаның төбесіне 3 қабатты етіп балаларға лагерь саламыз. Балалардың спортзалы ішінде болады, футбол залы болады, әжетхана, асханасы болады. Заманға сай қазақтың бір дәстүрін әлемге көрсету үміт қой енді».

Тау баурайына қарай жол салуға 4 ай уақыт кеткен екен. Қаншама техника жұмылдырылып, қажырлы еңбек сарп етілді. Қайырымдылық қор мүшелері 9 шақырым жолдың ашылу салтанатында алдымен құран оқып, сосын елге ас берді. Жиында имамдар уағыз айтып, ауданның атқамінерлері құттықтау сөзін арнады.

Өрісбай Көбеев, Қазығұрт аудандық мәслихатының хатшысы: «Жаннатул Фердауси» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен жол салынып, осы жерде алдағы уақытта медресенің оқушылары келіп, демалады деген жағдай жасалынып жатыр. 0ҚР Ар-ождан бостандығы біздің ата-заңымызда көрсетілген. Яғни, діни білімді жалғастырамын деген азаматтар осы медреселерде оқып, жазғы айларда осында келіп демалатын болады».

Жаңа бастаманы қолдап, жиынға келген тұрғындар да қуанышын жеткізді. Дін жолына үндейтін имамдардан жас жеткіншектер білім алса, болашағымыз жарқын болады дейді олар.

Бұл жерде болашақта туризм саласын дамыту қолға алынбақ. Осы бағытта тұмса табиғатымен таңғалдыратын таудың етегіне мыңдаған көшет отырғызып, алдағы уақытта демалыс аймағына айналдыру жоспарда бар.

Әлихан Файзханов