«Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысуға шақырамыз

257

Шымкент қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы «Алғашқы жұмыс орны» жобасына өз мамандығы бойынша еңбек тәжірибесі жоқ жастарды жұмысқа шақырады.

ҚР Үкіметінің 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылатын «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жұмысқа алғаш рет орналасатын, еңбек тәжірибесі жоқ жастарды қолдау мақсатында іске асырылуда.
Жұмыспен қамту орталығы оқу орнын аяқтаған жастарды 12 ай жұмыспен қамтып, жұмыстың алты ай еңбекақысын субсидиялайды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі төмендеп, жастар бір жылдық тәжірибе мен біліктіліктерін арттырады.

Жобаға 29 жасқа дейінгі мүлдем жұмыс өтілімі жоқ жұмыссыз жастар қатыса алады. Сонымен қатар, көп балалы немесе аз қамтылған отбасылар мүшелеріне, еңбекке қабілетті мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, техникалық және кәсіптік мамандық иелеріне басымдық беріледі. Еңбекақысы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемін құрайды.
«Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастыру барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен мекемелерде ұйымдастырылады. Бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды жүйелі жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілер қатысуға жіберіледі.

Барлық сұрақтар бойынша тұрғындар қалалық халықты жұмыспен қамту орталықтарына жүгінуіне болады. Айта кетсек, өткен жылы 118 шымкенттік жас аталған бағдарлама бойынша жұмысқа жолданды.

 

QAINAR KÓZ Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі