Көлігіне жалған нөмір тағып, дыбыс сигналын орнатып алған жүргізуші жауапқа тартылды

136

 

Келес АПБ патрульдік полиция тобының қызметкерлері төтенше жағдай кезіндегі коменданттық сағат талаптарын сақтау бойынша рейдтік шара ұйымдастырды. Содан тәртіп сақшылары Абай ауылы көшелерінің бірінде түнгі сағат 00:10 шамасында жүрген «Тойота камри 40» маркалы автокөлікті тоқтатып тексерді. Нәтижесінде көлікке тағылған мемлекеттік нөмірдің жалған екені анықталды. Одан бөлек, жүргізуші көлігіне арнайы дыбыс сигналын рұқсатсыз орнатып алғаны белгілі болды.

Көлікті тізгіндеген жас жігітке қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 3 бірдей бабымен хаттама толтырылды. Нақтырақ айтсақ, ӘҚБтК-нің 590-бабының 4-бөлігі «Жалған мемлекеттік белгіні тағып, пайдаланып жүру» және 603-бабының 2-бөлігі «Арнайы рұқсатсыз дыбыс сигналын қойып жүру» бойынша хаттама толтырылып, жинақталған құжаттар Келес аудандық мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Сондай-ақ «Төтенше жағдай режимін бұзғаны» бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік айыптұрағына қойылды.

Өз кезегінде жүргізуші кінәсін толық мойындап, жасаған әрекеттері үшін өкініп, алдағы уақытта мұндай бассыздықтарға жол бермейтінін жеткізді.

Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелерін жол қозғалысы ережелерін сақтауға шақырады. Жол қозғалысы ережелерін бұзудың соңы жүргізуші куәлігінен айыруға, әкімшілік қамауға немесе қылмыстық жауапкершілікке, сондай-ақ жүргізушілер мен жолаушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан жолда жүргенде ережеге бағынып, қауіпсіздікті сақтауларыңызды сұранамыз. Осы орайда кейбір жүгенсіз жүргізушілерге құр мақтанға салынып, соңында опық жеп қалмаңыздар деп ескертеді.