Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерінде 12,5 мыңнан астам автокөлік кептелісте тұр

93

Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерінде 12,5 мыңнан астам автокөлік электронды кезекте тұр, деп хабарлады мемлекеттік кірістер комитеті. Көлік компанияларының өкілдері бұл мәселені Алматыда болған қаңтардағы оқиғалар ушықтырып жібергенін мәлімдеді.

«Қорғас» арнайы экономикалық аймағындағы Нұр жолы, Алтынкөл және құрғақ порттың автомобиль өткізу бекеттерін қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев тексерді. Министр кәсіпкерлерге шекарадағы жұмыс тәртібі түбегейлі қайта қаралып, кез келген заңсыз іс-әрекеттің тоқтатылатынына уәде берді. Сондай-ақ ведомствоның мәліметінше, бір күндік фирмалар, жалған декларациялау фактілері және кеден заңнамасын басқа да заң бұзушылықтар тексеріліп жатыр.

ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев: «Кедендік статистикадағы алшақтық деңгейі мемлекет пен бизнестің үйлесімді жұмысының қорытынды индикаторы болады. Кеденнің қызметі ашық болуға және ең бастысы бюджетке түсетін түсімдердің толықтығын қамтамасыз етуге тиіс».

Айта кетері, 2020 және 2021 жылы импорттық және экспорттық тауарлары бар контейнерлер ҚХР шекарасында бірнеше ай бойы тұрып қалған. Тасымалдау тарифтері жоғары, кәсіпкерлер шығыны миллиардпен есептеледі. Кешенді тексерулер басталғанға дейін уәкілетті органдар жағдайды Қытай тарапындағы шектеулермен байланыстырды. Бірақ бизнеске кедергі Қазақстан тарапынан да бар.