Шенеуніктердің жалақысы енді 5 жыл бойына көтерілмейді. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мораторий жариялауды ұсынды. Сондай-ақ, Президент мемлекеттік орган басшыларының халықпен тығыз жұмыс істеуі жөнінде де тапсырма берді. Атқамінер азаматтарға тағы қандай ұсыныстар мен ескертулер айтылды?
2021 жылдың аяғында қала және облыс әкімдері жалақыларын айтып жарысқан еді. Бейресми статистика бойынша қала әкімдерінің жалақысы 380 мың – 950 мың аралығында. Облыс әкімдерінің айлығы орта есеппен 766 мың теңге болса аудан әкімдерінің айлық табысы 330 мыңнан басталады екен. Ал парламент депутаттарының жалақысы 550 мың мен 880 мың теңге аралығында көрінеді. Шенеуніктер қызметтерін мүлтіксіз атқару үшін қанша айлық алуы тиіс? Тұрғындардың пікірін білдік.
Енді билік басында отырған шенді-шекпенділердің жалақысы алдағы бес жыл бойына көтерілмейді. Бүгін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев солай деді. Парламент мәжілісінің отырысына қатысқан мемлекет басшысы шенеуніктердің қазіргі жалақысының жеткілікті екенін айтты. Ал әкімшілік мемлекеттік және бюджеттік қызметкерлердің айлығы мемлекеттік қазынаның мүмкіндігіне қарай артып отырады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Үкімет мүшелері, әкімдер мен депутаттардың жалақыларына тоқталып өтсем. Өткен жылдың соңында бұл мәселе ел арасында көп талқыланды. Аталған санаттағы мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы әбден жеткілікті деп санаймын. Сол себепті, үкімет мүшелерінің, өңір әкімдерінің және депутаттардың жалақысын көтеруге бес жылдық мораторий жариялауды мүмкін деп санаймын. Бұл мәжіліс депутаттары үшін айтарлықтай жақсы жаңалық емес екенін түсінемін, бірақ бұл жаңалықты түсіністікпен қабылдайсыздар деп ойлаймын. Біз бюджет мүмкіндіктерінің артуына қарай әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын көтеруді жалғастырамыз».
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесіне тұрғындар да өз пікірін білдірді. Басым бөлігі президент пікірімен келісіп отыр.
Сондай-ақ, мемлекет басшысы парламент мәжілісі отырысында мемлекеттік орган басшыларына ескерту жасады. Президент басшылардың халықпен қарым-қатынас жасаудан қорқуды тоқтатып, тұрғындармен ашық сұхбатқа шығу керек екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті: «Мемлекеттік қызмет – кез келген қазақстандық азаматқа ашық болуы тиіс. Тұтастай алғанда, шенеуніктердің азаматтармен диалогінің тиімділігі бұрынғыдай төмен екенін атап өту қажет. Мемлекеттік органдардың басшылары халықпен қарым-қатынас жасауды білмейді, кейде тұрғындарға ашық шығуға қорқады. Үкімет мүшелері өңірлерге тұрақты түрде баруға тиіс, ал барлық аймақтардың әкімдері әрбір елдімекеннің тұрғындарымен тұрақты кездесулер өткізуге міндетті».
Тұрғындар арасында, бәлкім, ел президентінің тапсырмасынан кейін және елде орын алған төтенше жағдайды ескере отырып, атқамінерлер алдағы уақытта халықпен тығыз байланыста болар деген сенім бар.
Гүлдана Дәурен