Түркістан облысында 16 дана атыс қаруы тәркіленіп алынды

21

Түркістан облысында «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасында 2000-нан астам құқық бұзушылық анықталды. Түркістан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері елде орын алған қақтығысқа байланысты, бүгінде күшейтілген режимде үзіліссіз қызмет атқаруда.

Сонымен қатар полиция қызметкерлерімен 2022 жылдың алғашқы «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шара кезінде полицейлер 2002 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде 44 тұрғын қамауға алынса, 1108 жайтқа қатысты хаттама толтырылды, 842 тұрғынға ескерту берілді. Тұрғындардан 16 дана атыс қаруы табылып, тәркіленіп алынды.Оның ішінде ҚР ӘҚБтК-нің 482-бабы «Жеке және заңды тұлғалардың қаруды заңсыз иеленіп алуы, беруі, өткізуі, сақтауы, алып жүруi, тасымалдауы» бойынша 8 дерек анықталды. Сондай-ақ Түркістан облысының тәртіп сақшылары 461 жайт «ұсақ бұзақылық», 261 дерек ішімдік ішу немесе мас халде қоғамдық орында болу жағдайларын анықтады. Одан бөлек, Қазақстан Республикасында тiркеусiз не жеке басты куәландыратын құжаттарсыз тұру бойынша 313 жайт, Шетелдiктiң немесе азаматтығы жоқ адамның Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуы бойынша 34 жайт анықталды.

Шетелдiктерді және азаматтығы жоқ адамдарды қабылдайтын жеке немесе заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзуына қатысты 26 дерек тіркелді. Іс-шара барысында 4958 тұрғын-үй тексерілді. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – криминогендік ахуалды, қоғамдық тәртіпті қадағалап, алдын алу және болдырмау, көшелерде, адам көп шоғырланатын орындарда тәртіпті қадағалау, қылмыскерлерді ұстау, анықтау, тыйым салынған заттарды заңсыз сақтағандарды анықтау болып табылады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері егер, сіз кезекті тәртіп бұзушылықтың, қоғамдық орында болған құқық бұзушылықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіздер деп ескертеді.

QAINAR KÓZТО ПД баспасөз қызметі