10 грамдық алтын құйма жоғары сұранысқа ие

84

2021 жылдың қаңтар айында екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес айырбастау пунктері жалпы салмағы 68,6 келі 1 771 алтын құйма сатты, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.

Халыққа тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 2,8 тоннаға жуық 76 676 құйма сатылған. Алтын құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г. Сатып алушылар арасында жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық құйма.

Алтын құймалар Алматы, Нұр-Сұлтан және Атырау қалаларында көп сатылады. Алтын құймалар сенімді инвестиция құралы бола алады. Алтын құймалар нарығындағы өтімділіктің басты кепілі – банк пен банктік емес айырбастау пунктері клиентке ақшаны сол күні төлей отырып, алтын құймаларды кері сатып ала алады.

Бағдарлама басталғаннан бері екінші деңгейлі банктер мен жекелеген банктік емес пунктер жалпы салмағы 275 келі 11 292 алтын құйманы кері сатып алған, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 15%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы халыққа сатылады.

Қазір алтын құймаларды Halyk Bank, Еуразиялық Банк, Jusan Bank, ЦентрКредит Банкі, сондай-ақ жекелеген банктік емес пунктерден сатып алып, кері сатуға болады.

Шынар Оразова