Úı ANONS Дімкәс әкесін азаптап, қинаған Садақбаев 5 жылға сотталды

Дімкәс әкесін азаптап, қинаған Садақбаев 5 жылға сотталды

Аурудан әлсіреген  әкесін қинап, ұрып-соққан Алмас Садақбаевты сот 5 жылға түрмеге жапты. Енді ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болды. Сотталушы кінәсін толық мойындап, өкінген еді.  Оның үкіммен келісетіні, не келіспейтіні қазірше беймәлім. Шулы соттың барысы туралы толығырақ сюжетте айтамыз.

Сотта шын өкініш білдіріп, көз жасына ерік бере кешірім сұраған Алмас Садақбаев алдағы бес жылын абақтыда өткізуі мүмкін. Бүгін Шардара ауданы Қоссейіт ауылындағы үйінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын, дімкәс қарт әкесін аяусыз ұрып-соғып, азаптап, қинаған айтулы азаматқа қатысты үкім шықты.  Жетісай аудандық соты оны Қылмыстық кодекстің  «Қинау» және «Денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру» баптары бойынша кінәлі деп таныды.

МҰХТАР ЖОЛДАСБЕКОВ6 СУДЬЯ: «Сот үкім етті cотталушы Садақбаев Алмас Есіпкеповичті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 110-бабы 2-бөлігі, 4-тармағымен кінәлі деп танып… бас бостандығынан айырылсын».

Садақбаев жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Оның бұған дейін қамауда болған 1 күні бір жарым күнге есептелетін болды. Үкім шығаратын кезде сот оның кәмелет жасқа толмаған балалары барын, отбасының жалғыз асыраушысы екенін, бұрын-соңды сотты болмағанын ескерген.

Сотталушы мен жәбірленушінің өкілі деп танылған оның туған інісінің сот үкімімен келісетіні, не келіспейтіні және апелляциялық шағым түсіретіні, не түсірмейтіні қазірше беймәлім. Айта кетейік, сотталушы бұған дейін жарыссөзде және соңғы сөзінде көз жасына ерік беріп, дүйім жұрттан кешірім сұраған. Ол өз әрекетін білмей жасағанын, шын өкінетінін және бұл үшін өзін-өзі кешірмейтінін жеткізген.

Садақбаевтың 70 жастағы зейнеттегі мүгедек әкесін қан-жоса етіп ұрып-соғып, азаптап жатқан видеосы әлеуметтік желіде кеңінен тарап, жұртты шошытқан.  Бұл әлеуметтік желіде кеңінен талқыланған. Көп өтпей Садақбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынған. Тергеу дерегінше, қарт әкесінің дәретке өздігінен шыға алмайтынына ашуланып, оған күш қолданған. Қатігез әрекеттер көрші үйдің қыздары тарапынан жасырын түрде видеоға түсірілген.

Дилара Иса