Түркістан облысында мас халде көлік басқарған жүргізушіге қатысты сот үкімі шықты. Сарыағаш ауданы ПБ-ның полиция қызметкерлері күнделікті жұмыстарын жүргізу барысында түнгі сағат 01:30 шамасында, жол ережелерін бұзып келе жатқан «Нексиа» маркалы автокөлікті байқап, тоқтатты. Оны тексеру кезінде полицейлер жүргізушінің мас күйіне күдіктеніп, медициналық сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысы бойынша жүргізушінің мас екені анықталды.
Полиция қызметкерлері аталған жайты ӘҚБтК 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеді. Осылайша полиция қызметкерлері аталған жайтқа байланысты іс-құжаттарды жинақтап, заңды шешім қабылдау мақсатында Сарыағаш аудандық сотына жолдады. Сот жүргізушіні ӘҚБтК 608-бабына сәйкес кінәлі деп танып, көлік иесін 7 жылға автокөлік басқару құқығынан айырып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға үкім етті.
Өз кезегінде, Түркістан облысының полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Сондай-ақ мас халде көлік басқарып, өзіңізбен қоса өзгенің де өмірін қатерге тікпеу керектігін ескертеді.