Тегін заң көмегі кімдерге тиесілі?

147

Мемлекет кепілдік берген заң көмегі (МКБЗК) – бұл Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңына сәйкес жеке тұлғаларға берілетін, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша азаматтық, әкімшілік және қылмыстық іс жүргізудің барлық сатыларында адамдардың заңды құқықтары мен мүдделерін мемлекет есебінен қорғауды көздейтін консультациялық-құқықтық және білікті заң көмегі.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар:
1. Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге қорғаушының қылмыстық іс бойынша іс жүргізуге қатысуы, егер:
1) бұл туралы күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам,
ақталған адам өтiнiшхат берсе;
2) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам
кәмелеттік жасқа толмаса;
3) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам
дене немесе психикалық кемiстiгi салдарынан өзiнiң қорғалу құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмаса;

4) күдiктi, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам сот iсi жүргiзiлетiн тiлдi бiлмесе;
5) адамға жазалау шарасы ретiнде он жылдан астам мерзiмге бас бостандығынан айыру немесе өмiр бойына бас бостандығынан айыру тағайындалуы мүмкiн болатын қылмыс жасады деп күдік келтірілсе, айып тағылса;
6) күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға бұлтартпау шарасы ретiнде күзетпен ұстау қолданылса немесе олар стационарлық сот-психиатриялық сараптамаға мәжбүрлеп жiберiлсе;
7) күдіктiлердің, айыпталушылардың, сотталушылардың, сотталғандардың, ақталғандардың мүдделерi арасында қайшылықтар болып, олардың бiреуiнiң қорғаушысы болса;

8) қылмыстық процеске жәбiрленушiнiң (жекеше айыптаушының) немесе азаматтық талапкердің өкiлi қатысса;
9) iс сотта қаралған кезде оған мемлекеттік айыптауды қолдайтын прокурор (мемлекеттік айыптаушы) қатысса;
10) күдікті, айыпталушы, сотталушы, сотталған адам, ақталған адам Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде болса және қылмыстық қудалау органдарына немесе сотқа келуден жалтарса;
11) процестік келісім және оны жасасу туралы өтінішхат мәлімделсе, міндетті.
Егер көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны күдiктiнің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның, ақталған адамның өзi, олардың заңды өкiлдерi, сондай-ақ олардың тапсыруы бойынша басқа да тұлғалар шақырмаса, қылмыстық процестi жүргізетін орган процестiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, бұл туралы ол адвокаттардың кәсiби ұйымы үшiн мiндеттi қаулы шығарады. (Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексi, 67 б.)
2. Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылған тұлғаға, егер:

1) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам бұл жөнiнде өтiнiшхат жасаса;
2) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам дене немесе психикалық кемiстiктерiне орай өзiн қорғау құқығын өз бетiнше жүзеге асыра алмайтын болса;
3) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам iс жүргiзiлiп жатқан тiлдi бiлмесе;
4) әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адам кәмелетке толмаған адам болып табылса, қорғаушының қатысуы мiндетті.

Егер көзделген мән-жайлар болған кезде қорғаушыны әкiмшiлiк жауаптылыққа тартылатын адамның өзi, оның заңды өкiлдерi, сондай-ақ оның тапсыруымен басқа да адамдар шақырмаса, судья, әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарауға уәкiлеттiк берілген орган (лауазымды адам) iс жүргiзудiң тиiстi сатысында қорғаушының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi, олар бұл туралы қаулы шығарады.
Қаулы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың адвокаттар алқасына немесе оның құрылымдық бөлімшелеріне орындау үшін жіберіледі және оны алған кезден бастап жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімде орындалуға жатады. (ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі»,749 б.)

3. Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес, судья істі сот талқылауына дайындаған кезде немесе сот істі қараған кезде мына адамдарды:
1) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды;
2) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды;

3) Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдар, сондай- ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері,мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, І және ІІ топтардағы мүгедектер, жасына байланысты зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметке байланысты емес даулар бойынша талап қоюшылар мен жауапкерлерді;
4) заңға сәйкес ақталған адамдарға олардың зиянын өтеу туралы даулар бойынша талап қоюшыларды заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден толық босатуға және оларды бюджет қаражаты есебіне жатқызуға міндетті.
Егер көзделген жағдайлар болған кезде, тұлғаның заң көмегіне ақы төлеуден босату және оның атынан өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеу туралы өтінішхатына осы тұлғаның республикалық бюджет қаражатынан заң көмегін алу құқығын растайтын құжаттар мен басқа да дәлелдемелер қоса тіркелуге тиіс.

Адамды заң көмегіне ақы төлеуден және өкілдік етуге байланысты шығыстарды өтеуден босату туралы сот ұйғарымы жазбаша нысанда немесе заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат нысанында азаматтық істі қарайтын соттың орналасқан жеріндегі аумақтық адвокаттар алқасына дереу жіберіледі, ол сот белгілеген мерзімде адвокаттың сотқа қатысуын қамтамасыз етуге міндетті. (Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі,112 б.)

4. Алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар Шымкент қаласы, Байтурсынов к-сі, 86/10 мекен жайы бойынша немесе 41-75-73, 8 708-505-01 (үйлестіруші) сымтетіктер арқылы жүгінуге құқылы.
Аталған тұлғалар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және орналасқан жеріне қарамастан алуға құқылы.
Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж тұлғаның мүддесіне орай оның өкілі заңда белгіленген тәртіппен осындай көмек көрсету туралы өтінішхатпен жүгіне алады.
(ҚР «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңы, 26 б.3,4 т.)

Б.А.Абдалиева

Шымкент қаласы
Әділет департаментінің
құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің
бас маманы