Ұшқыр ойлы жастарды дәріптейтін сөз бәйгесі басталды

133

Шымкентте мектеп оқушылары арасындағы сөз сайысы басталды. 5 ақпан күні «Ұшқыр ой алаңы» атты республикалық дебат турнирінің іріктеу кезеңі өтті. Сөз додасының алғашқы кезеңінде 11 команда топ жарып шықты. Ұйымдастырушылар биыл үшінші мегаполистен 3 топ финалдық кезеңге жолдама алатынын айтты.

«Ұшқыр ой алаңы» республикалық пікірсайыс турнирінің қатысушысы Алтынбек Мақұлбектің дебат әлеміне аяқ басқанына биыл 2 жыл болыпты. 11 сынып оқушысы осы уақыт аралығында бірнеше сөз бәйгесінде бақ сынап, талай жеңіске жетіп жүр. Биыл мектеп бітіруші түлек алға қойған мақсаттарымды айқындауда дебаттың үлесі өте көп болды дейді.

Алтынбек Мақұлбек, №25 Т. Рысқұлов атындағы мектеп-гимназиясының оқушысы: «Дебатта 2 позиция болады, осы 2 позицияға да медиасауаттылықты дамытып береді жастарға. 2 позицины да жақсы-жаман жақтарын дамытып, ойлау қабілетін арттыралы».

Биыл үшінші рет өткізіліп отырған додада 4 ауданнан келген 32 команда бақ сынады. Дегенмен, «Ұшқыр ой» жеңімпаздарын анықтайтын турнир кезеңдері әлі аяқталған жоқ. Айта кетейік, жарыс жүлдегерлеріне демеушілер тарапынан қаржылай сертификаттар мен құны 1 млн. теңге тұратын оқу гранты, сондай-ақ демалыс орнына жолдама беріледі.

Темірхан Абжанов,  «Ақиқат» пікірсайыс орталығының төрағасы: «Биылғы жылы Шымкент қаласының республикалық пікірсайыс турниріне бізде аудандық 4 іріктеу кезеңдері болып өтті. Алдағы уақытта біздің Шымкент қаласынан топ жарып, ең үздік деген командаларды республикаға аттандыратын боламыз».

Мектеп оқушылары арасында өткізіліп отырған жарыстың тағы бірнеше кезеңі бар. Ал қалалық сайыста топ жарғандар Нұр-Сұлтан қаласында үшініші мегаполистің намысын қорғайды. Ұйымдастырушылар мұндай іс-шаралар – оқушылардың ойлау қабілетін ұшқырлап, білімге құштарлығын арттырады дейді.

Сәкен Мәжінбеков, М.Әуезов атындағы ОҚУ проректоры: «Адамдар тек ойларын айтып, пікірлесіп қан қоймайды, сонымен бірге ол бір ойды айту үшін кітапқа құштарлығы да оянады. Сондықтан білімге құштар жастардың көп болғаны ертеңгі еліміздің мақтанышы деп айтуға болады. Білімді ұрпағымыздың көп болуы, осындай турнирлардың өтуіне де байланысты деп ойлаймын».

Қазіргі таңда алғашқы іріктеу кезеңінің жеңімпаздары анықталды. Қатысқан 32 команданың 11-і келесі кезеңге өтті.  Оның ішінде қазақ лигасынан 3 команда, орыс және ағылшын лигаларынан 8 командадан алдағы сындарда бақ сынайды.

Айта кетейік, Шымкент қаласы республикалық кезеңде 2020 жылы 1 орын, ал өткен жылы 3 орынды иеленген еді. Ал биыл, қалалық 3 команда финалдық кезеңге жолдама алады.

Гүлдана Дәурен