Әлем нарығында Brent маркалы мұнай бағасы арзандады

10

Әлем нарығында Brent маркалы мұнай бағасы бірден 4 пайызға жуық арзандап, 116 долларға дейін түсті. Шикізат құнының төмендеуіне Қытайдың Шанхай қаласының карантинге жабылып, энергетикалық отынға сұраныс азаяды деген қауіптің күшеюі себеп.

Шанхайда локдаун екі кезеңмен жүзеге асырылады. Соның біріншісі, мегаполистің шығысында сәуірдің 1-не дейін жалғасса, екіншісі, келесі айдың 1-нен 5-не дейін созылады. Осы мерзімде  25 миллион тұрғыны бар Шанхайда қоғамдық көлік тоқтап, зауыттар мен фабрикалар жұмысын доғарып немесе онлайн режимге көшуге тиіс. Және де халықты коронавирусқа қатысты жаппай тесттен өткізу жұмыстары жүргізіледі.

Айта кететін жәйт, соңғы аптада Шанхайда тәулігіне шамамен мыңға жуық адамнан ковид инфекциясы анықталып жатыр. Сондықтан, жергілікті билік шектеу шараларын қайта енгізуге мәжбүр.