Úı ANONS Ирандағы соғыс мұнай бағасына қалай әсер етуде?

Ирандағы соғыс мұнай бағасына қалай әсер етуде?

Brent маркалы мұнай тағы да қымбаттап, бір баррелі 83 доллардан асып кетті. Бұған Ормуз бұғазындағы жанжал мен мұнай тасымалының тоқтап қалу қаупі себеп болып отыр. Қазір бәрінің назары жағдайдың қалай өрбитінінде. Бірақ мамандардың айтуынша, баға бұдан әрі қатты көтеріле қоймайды. Және бәрі де бұл қақтығыстың қанша уақытқа созылатынына байланысты.

Иран тарапынан шабуыл жасалуы мүмкін деген соң, Парсы шығанағында мыңдаған мұнай танкері жиналып қалды. Олар Ормуз бұғазынан өтуге тәуекел ете алмай тұр. Осы жағдайдан кейін Азияның бірнеше елінде жұрт жаппай жанармай сатып ала бастады. Бірақ мамандар: «Уайымдауға негіз жоқ, ірі мемлекеттерде бірнеше айға жететін мұнай қоры бар», — дейді. Олар мұндай дайындықты бұрынғы мұнай дағдарыстарынан кейін әдетке айналдырған екен

ОЛЖАС БАЙДІЛДИНОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТ СЕНАТЫ ЖАНЫНДАҒЫ САРАПШЫЛАР КЛУБЫНЫҢ МҮШЕСІ: «Бұғаздың ұзақ уақыт жабық тұратынына сенбеймін, өйткені бұл Шығанақтағы барлық елдерге және тұтынушыларға әсер етеді. Bloomberg-тің жазуынша, Қытай Ираннан бұғазды жаппауды және энергия ресурстарының жеткізіліміне кедергі жасамауды талап етіп отыр. Себебі қазіргі уақытта Қытай мұнай тұтыну көлемінің шамамен 50-60 пайызын Парсы шығанағынан, соның ішінде Ираннан импорттайды. Сондықтан кез келген ұзақ мерзімді үзіліс Қытай үшін тиімсіз».

Саудагерлер қазір қатты алаңдап отыр, өйткені мұнай таситын жол іс жүзінде жабылып қалды. Салдарынан баға тағы өседі деген қауіп бар. Бірақ біздің қазақстандық мамандар: «Мұнай онсыз да қымбаттап үлгерді, енді баға бұдан әрі қатты көтеріле қоймайды», — дейді. Баға тек осы жанжал ұзаққа созылып, жағдай мүлдем нашарлап кетсе ғана өсуі мүмкін

АРМАН БЕЙСЕМБАЕВ, ҚАРЖЫЛЫҚ КЕҢЕСШІ: «Әлемдік жағдай, тіпті соғыс басталғанның өзінде, соншалықты қиын емес. ОПЕК+ отырысында мұнай өндіру көлемін тәулігіне қосымша 206 мың баррельге арттыру туралы шұғыл шешім қабылданғанын білеміз. Сондықтан мұнайдың айтарлықтай тапшылығы бола қоймас. Демек, барреліне 80-82 доллар төңірегінде саудаланып жатқан қазіргі бағаның өсуі – уақытша құбылыс».

Айта кетейік, Иран — дүние жүзіндегі ең көп мұнайы бар үш елдің бірі. Қазір Ормуз бұғазындағы жағдай әлі де түсініксіз. Мамандар екі түрлі болжам жасап отыр: бұғаз біраз уақытқа мүлдем жабылып қалады немесе оны жартылай ғана ашып қояды

АНУАР ҚОЖАБЕКОВ, ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНЫҢ САРAПШЫСЫ: «Үшінші сценарий – бұғаздың толық бұғатталуы. Бұл екіталай болса да, ең қиын жағдай. Бұндай жағдайда нарық үлкен энергетикалық шокқа тап болуы мүмкін. Өйткені әлемдік мұнай жеткізілімінің бестен бір бөлігіне қауіп төнеді, бұл өз кезегінде Brent маркасының құнына тікелей әсер етеді».

АҚШ президенті Дональд Трамп баспасөз жиынында: «Мұнай бағасының өсуі уақытша ғана құбылыс», — деп мәлімдеді. Оның ойынша, соғыс аяқталған соң баға қайта түседі, тіпті бұрынғыдан да арзан болуы мүмкін.

Ботакөз Әнуар