Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық туралы көрсеткіштер көп жылдан бері бір-біріне сәйкес келмей келеді. Қытай тарапы ұсынатын ақпарат, еліміздегі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтерінен әлдеқайда жоғары. Бұл тауарлардың бір бөлігі елге кіріп-шығу барысында «жасырын» рәсімделетінін аңғартады. Сарапшылардың айтуынша, бұл бюджетке түспей қалған миллиардтаған салық және адал салық төлеп отырған отандық өндірушілерге көрсетілген қысым.
Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы туралы еліміздегі құжатта көрсетілген деректер, көрші ел ұсынған ақпаратпен сәйкес келмейді. Қытай кеденінің мәліметінше, 2024 жылы өзара сауда көлемі 43 миллиард доллардан асқан. Ал қазақстандық тарап бұл көрсеткішті шамамен 30 миллиард доллар деп бағалаған.
Өткен жылы екі ел арасындағы сауда көлемі артқанымен, айырмашылық сақталған. Қытай 48 миллиард доллардан астам деп мәлімдесе, Қазақстан 34 миллиард доллар деп көрсетті. Негізгі алшақтық импортқа қатысты болып отыр. Қытай деректері бойынша, Қазақстанға жеткізілген тауар көлемі 30 миллиард долларға жуықтаған. Ал отандық статистикада бұл көрсеткіш шамамен 19 миллиард доллар деп тіркелген. Тағы шамамен 10 миллиард доллардың тағдыры белгісіз.
МАРАТ ҚАЙЫРЛЕНОВ, «ҰЛАҒАТ КОНСАЛТИНГ ГРУПП» ДИРЕКТОРЫ: «Өкінішке қарай, көрсеткіштерге қарап, бізде сыбайлас жемқорлық өзін жеткілікті түрде жайлы сезініп отырғанын байқауға болады. Мәселе шекарадағы әкімшілендіру жұмыстарында. Онда қанша адам жұмыс істейді. Мәселен мың адам деп алайық. Мемлекет сол мың адамды тәртіпке келтіре алмай отыр».
Сарапшылардың айтуынша, мұндай статистикалық алшақтық салдарынан мемлекет қомақты қаржыдан қағылып отыр. Ең алдымен, кедендік төлемдер мен салықтар бюджетке түсуі тиіс еді.
МАРАТ ҚАЙЫРЛЕНОВ, «ҰЛАҒАТ КОНСАЛТИНГ ГРУПП» ДИРЕКТОРЫ: «Екінші мәселе — екінші деңгейлі салдар, яғни «сұр импорттың» отандық өндірушілерге соққысы. Бұл — қосарлы проблема. Егер Қытайдан бөлек басқа елдермен сауданы да ескерсек, онда да ондаған миллиард доллар бар. Егер трансферттік баға қою схемаларын жойып, шекарада қалыпты бақылау орнатсақ, нені экспорттап жатқанымызды нақты білсек, онда салықты көтерудің де қажеті болмас еді».
Кейбір сарапшылар мәселе тек «жасырын импортта» емес, тауарларды есепке алудағы әдістемелік айырмашылықтарда да деп санайды. Кейбір өнімдер Қазақстан шекарасынан өткенімен, іс жүзінде басқа елдерге бағытталады.
РАСУЛ РЫСМАМБЕТОВ, ҚАРЖЫ САРАПШЫСЫ: «Қытай «Орталық Азияға» деп көрсетеді. Бірақ шекарадан өтетін ел — мысалы, Қазақстан. Ал әлгі шартты Өзбекстанға, Қырғызстанға немесе басқа елдерге созбақтайды. Алайда қазір жағдай өзгерді. біз Қытай мен еуразиялық экономикалық одақ арасындағы кедендік шекара болғандықтан, импорттың едәуір бөлігі Ресейге, Беларуське, Арменияға бағытталып жатыр».
Мамандардың пікірінше, мәселені ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту және тауар қозғалысын терең талдау арқылы шешуге болады. Бұл процесте цифрландыру маңызды рөл атқаруы мүмкін . Ол, Қытай мен Қазақстан арасында қандай тауар, қайда және қандай көлемде өткізіліп жатқанын нақты бақылауға мүмкіндік береді.
Нұргүл Жолымбетова






