Мүмкіндігі шектеулі жандарды әлеуметтік қорғау маңызды

113

Шымкент қаласы прокуратурасының бастамасымен қала әкімдігінде мүгедектердің құқығын қорғау бойынша алқа мәжілісі өтті. Жиынға жауапты сала басшылары мен қоғамдық бірлестік мүшелері, 1-топтағы мүгедектер және ірі кәсіпкерлер қатысты.
Мәжілісте қоғамдағы өзекті мәселенің бірі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтары мен мүдделерінің қорғалуы және әлеуметтік қорғау туралы заңнама талаптарының сақталуы қаралды.
Қала прокуроры Ғабит Қасымбекұлы ғимараттарда мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімділіктің жоқтығы, олардың ғимараттарға кіріп-шығу, парктерде, көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда пандустар, мүгедектің автокөлігіне арналған автотұрақ, дәретхана және басқа да талаптардың жоқтығынан көптеген кедергілерге ұшырайтынын ескертті.
Мүгедек балалар үшін ойын алаңшаларын салу, мүгедектерді жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікке баулу сияқты тапсырмалар берді.
Аталған жиын қорытындысында мүмкіндігі шектеулі топтарды әлеуметтік қорғау, қолдау көрсетуде олардың қолжетімді ортасын қалыптастыру мақсатында бірлескен жұмыс жоспарын дайындауды ұсынды.
Алдағы уақытта жоспар аясында атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын кеңейтілген мәжіліс отырыстары тұрақты түрде өтетін болады.

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі