Еуропалық Одақ елдері мен Ресей Федерациясы арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты қазақстандық жүктердің халықаралық тасымалдары бойынша проблемалар бар. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәлімдеді.
Қазір министрлік Ресей кемелерімен Санкт-Петербург және Новороссийск қалаларының порттары арқылы жүктерді тасымалдау кезінде туындаған проблемаларды шешу үшін шаралар қабылдап жатыр. Атап айтқанда, Ресей аумағында орналасқан жүктерді Латвия порттарына қайта бағдарлау мүмкіндігі пысықталып жатыр. Осы мәселе бойынша Латвияның Көлік министрлігімен және теңіз порттары әкімшіліктерімен кеңес өткізу жоспарда бар.
Сондай-ақ отандық экспорттаушыларға балама ретінде Ақтау және Құрық порттары арқылы және одан әрі Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдалану ұсынылды.
Шынар Оразова