Тұрғынды алдап 750 мың теңгені қалтасына басқан әйел ұсталды

87

Қазіргі таңда елімізде алаяқтық, яғни алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы оңай жолмен ақша табу мақсатында, сенгіш халықты алдап, соңында сан соқтырып кететіндер қатары көбейген. Сондықтан алаяқтарды анықтап, олардың жолын кесу үшін тәртіп сақшылары күні-түні қызмет атқаруда. Оның ішінде Түркістан облысының полицейлері де нәтижелі жұмыс жасап, алаяқтарды құрықтауда.

Мәселен, Түркістан ҚПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, ол жақын таныс емес әйелге сеніп, оның арбауына түсіп қалған. Яғни мемлекеттен берілетін жәрдемақыны шығарып беретінін айтқан алаяқ, тұрғынның ақшасын алған соң, хабарсыз кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 750 000 теңгені құрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.

Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау үшін жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшыларының іздестіру жұмыстары оң нәтиже беріп, күдікті жергілікті мекенжайынан ұсталды.

Анықталғандай күдікті ешқандай жерде жұмыс жасамайтын болып шықты. Қазіргі таңда ол әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға қырағы болуға және күмәнді қызметтер ұсынатын бейтаныс адамдарға сенбеуге кеңес береді. Сондай-ақ алаяқтан зардап шексеңіз, бірден полицияның 102 телефонына хабарласыңыз деп ескертеді