Енді Шымкент қаласындағы бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталған адамдарға электрондық бақылау құралы тағылады. Ал егер азамат 1 жыл мерзімде қайта қылмыс жасамаса, құралды уақытынан ерте шешуге болады. Шымкентке электронды білезіктің 49 данасы әкелінген.
Бас бостандығы шектелген және шартты түрде сотталған азаматтарға бұдан былай дәл осындай электронды бақылау құрылғысы тағылады. Ал егерде оны үзгісі келген жағдайда арнайы сигнал инспекторларға барады. Аптасына бір рет қуатталатын құрылғыны азаматтар өздерінің үйінде қуаттай алады.
Электрондық бақылау құрылығысы — сотталған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алу, сонымен қатар жазасын жеңілдетуге мүмкіндік беру үшін пайдаланылады. Қазір үшінші мегаполиске пилоттық үлгідегі құралдың 49 түрі әкелініп, 4 ауданға бөлінген. Сәуір айының алғашқы онкүндігінде арнайы тізімдегі азаматтарға электрондық құралды таға бастайды.
Пархат Исақбаев, Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаменті бастығының орынбасары:
«Алғашқы кезде ҚАЖ кодексінің 69 – 174 бабаына сәйкес тіркеуде тұрған сотталғандарға тағылады».
Атын өзгертуді сұраған Тахир есімді жергілікті тұрғын электрондық құрылғының іске асатынына қуанады. Бас бостандығы шектелген ұлы сыртқа шыққанда алаңдайтын әке, енді көңілім тыныш табатын болды деп отыр.
«Балам сыртқа шыққанда қатты уайымдайтын едім, дүкенге шығып ары қарай кетіп қала ма деген сияқты қорқыныштар болатын. Түрлі жағдай болады ғой. Енді жанымыз тынышталады деп ойлаймын. Бақылауда болса, қауіпсіздікте екеніне сенесің»,-дейді Шымкент қаласының тұрғыны.
Электрондық бақылау құрылғысын аталған тізімдегі азаматтар 1 жыл бойы шешпей тағады. Ылғалға төзімді құралдың құны шамамен 250-300 мың теңге. Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Еңбекші аудандық бөліміне 12 электронды білезік жеткізілген.
Қазіргі таңда қала бойынша 1362 сотталған азамат шартты түрде тіркеуде тұр. Ал өткен жылы 68 қайта қылмыс жасау дерегі тіркелген. Азаматтардың ереже бұзғандығы жөнінде, сондай-ақ құралды бұзу немесе жою туралы GPS форматта сигнал келіп түссе, инспектор бірінші ескерту береді. Ал егер әрекет қайталанса, тексеру жүргізіліп, іс қайта сотқа ұсынылады.
Гүлдана Дәурен