«300 мың тг жалақыға жұмыс істегісі келмейді»: Министр халықты еңбек етуге шақырды

103

ҚР Премьер министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен үкімет отырысы өтті. Жиында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының 2022-2026 жылдарға арналған болжамы сөз болды. Әрі бұқаралық спортты дамыту мәселесі талқыланды. Сондай-ақ үкімет отырысынан кейін министрлер бақ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. 

Қазақстандықтар 300 мың теңге жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Журналистердің сауалына жауап берген Қаржы министрі масыл адамдарды сынға алды. Ол табысы күнкөрісіне жетпей жүрген азаматтарға тек еңбек ету керек деп кеңес берді.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
«Көп жағдайда естіп жататыным зауыттар мен кәсіпорындарда 300 мың теңгеге жұмысшылар келмейді дейді. Ондай фактілер бар. Ондай жалақыға жұмыс істегісі келмей, еркін жүріп нағыз қоғамдық жұмысқа араласқысы келмейтіндер бар. Сондай масылдық бары белгілі. Дегенменде, менің негізгі кеңесім – жұмыс істеу. Жұмыс істеймін дейтін адамға бәрі бар. Кәсіп ашқысы келсе де барлық мүмкіндік жасалып отыр».

Алайда үкімет мүшесі «халықтың жалақысы жеткілікті ме?» деген сауалға былай жауап берді.

Ерұлан Жамаубаев, ҚР Қаржы министрі:
«Әрине, егер бюжеттен алар болсақ, ол асып-төгіп жалақы бермейді. Орташа жалақымыз қазіргі таңда 250 мың маңайында. Бұл жалақыны көп деп айта алмаймын бірақ өмір сүруге жетілікті. Дегенменде қосымша талпыну жұмыс істеу артық етпейді. 90-шы жылдардағы жұмыссыздық кезімен салыстыруға келмейді. Қазір әлдейқайда көп жұмыс орындары бар».

Ал Ұлттық экономика министрінің айтуынша ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеген. Тіпті, халықаралық қаржы ұйымдары да осы жылы әлемдік жалпы ішкі өнімнің өсу перспективалары төмендейтінін айтады. Мысалы, S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлемдік экономиканың өсу болжамын 4,2%-дан 3,6%-ға дейін түсіріп отыр.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:

«Ел экономикасының өсу болжамы 3,9%-дан 2,1%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте номиналды жалпы ішкі өнім 91,5 трлн теңге көлемінде бағалануда, бұл мақұлданған болжамнан 3,5 трлн теңгеге жоғары. Өңдеуші өнеркәсіптегі болжамды көрсеткіштер әлемде протекционизмнің күшеуюіне және тарифтердің өсуіне байланысты металлургиядағы өндіріске шектеу қою салдарынан 3,5%-дан 2,9%-ға дейін төмендетілді»

Сондай-ақ үкімет отырысында бұқаралық спортты дамыту мәселесі де талқыланды. Премьер министрдің айтуынша бүгінде Қазақстандықтардың 35 пайызы спортпен шұғылданады екен. Ал жоспар бойынша 2025 жылға дейін бұл көрсеткіш 50 пайызға жеткізу қажет. Ол үшін үкімет 21 млрд теңгені кәсіби спорттан алып, бұқаралық спортқа бағыттапты.

                                                                                  Мөлдір Ибадуллаева