Ата-аналар арасында вакцинацияның маңыздылығы түсіндірілді

59

 

Шымкент қаласы Абай ауданның санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасымен №52 жалпы орта білім беретін мектептің мәжіліс залында профилактикалық егулердің маңыздылығы туралы ата-аналар арасында түсіндіру жұмысы өткізілді.

Бірқатар жұқпалы аурулардың алдын алу іс-шаралар кешенінде арнайы профилактикалық егу жұмыстары маңызды орында тұр. Бұл бүкіл әлем мойындаған факт және барлық өркениетті, даму үстіндегі елдердің көпшілігі осы бағытта айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп отыр.

Жылдар бойы атқарылған Ұлттық күнтізбеге сай жоспарлы алдын ала егу жұмыстарының арқасында дифтерия, полиомиелит, қызамық, көкжөтел аурулары тіркелген жоқ, «вакцинамен реттелетін» жұқпалар едәуір төмендеді.
Елімізде республикалық бюджет қаражаты есебінен 16 жұқпалы ауруға, ал жергілікті бюджеттің қаржысына 4 жұқпалы ауруға қарсы егу жүргізіледі, атап айтқанда: тұмау, «А» вирусты гепатиті, сібір жарасы, туляремия ауруларына қарсы вакцина сатып алынады.

2021 жылдың 15 қарашасынан бастап елімізде АҚШ-тағы Pfizer өндірген Комирнати вакцинасымен егу жүргізу басталды.
Коронавирус инфекциясына қарсы вакцина аурушаңдықтың асқынуы мен ауыр өтуінің алдын алып, ауруханаға жатуды және коронавирус инфекциясынан өлім жағдайларын азайтады.

Вакцинация 12-17 жастағы дені сау жасөспірімдерге ата-анасының, заңды өкілдерінің ерікті ақпараттық жазбаша келісімімен мектептердің егу бөлмелерінде немесе ата-анасының, заңды өкілдерінің қалауымен емхананың егу кабинеттерінде тегін жүргізіледі.
Комирнатимен (Pfizer) вакцинация жүргізу алдында:
— 12-17 жас аралығында егілуге жататындарды медициналық тексеріп, ата-анасының, заңды өкілдерінің қатысуы;
— медициналық қарсы көрсетілімдері болмағанда иммундауға рұқсат беруді рәсімдеу;
— егілетіндерге немесе олардың ата-анасына (заңды өкілдеріне) профилактикалық егулер бойынша, иммундаудан кейін туындайтын қолайсыз кері әсерлер, егуден бас тартудың салдары туралы толық ақпарат ұсынады.

Егуден кейін:
— Егілгендер екпе алған мекемеде 30 минут бойы медициналық бақылауда болады.
Комирнатимен (Pfizer) вакциналауға қарсы көрсетілімдер:
— заттың әсеріне немесе препарат құрамындағыларға аллергия (тауық жұмыртқасының ақуызына, желатинге аллергиясы бар жағдайлар вакцинацияға қарсы көрсетілімдерге жатпайды, өйткені вакцина құрамында ондай компонент жоқ);
— 12 жасқа толмаған балалар;

— 16 апта жүктілікке жетпеген, 38 аптадан асқан жүктілікте.
Жедел инфекция ауруы бар және созылмалы аурудың өршу кезінде коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация алуды кейінге қалдыру керек.
Комирнати (Pfizer) вакцинациясын жүргізу уақыты:
1 Доза – қалаған күні;
2 Доза – бірінші дозаны алғаннан кейін 21-28 күндер аралығында.
Комирнати вакцинасы қажетті тәжірибе сынақтан өтіп, БДСҰ мақұлдаған коронавирусты инфекцияға қарсы ең тиімді, қауіпсіз вакцина.
Вакцинация жасаудың маңыздылығы:

— аурушаңдықтың ауыр түрде өтуін және асқынуын болдырмайды;
— егілгендерді ғана емес, айналасындағыларды да қорғайды (жақындары, туыстары);
— «ұжымдық иммунитет» қалыптастырады;
— иммундаудан кейін алған «егу паспорты» шетелге саяхат жасауды оңайлатады.
Вакциинация жүргізу алдында коронавирусқа қарсы иммунитетке тексерудің қажет жоқ.
Коронавирус жұқпасымен ауырғандар емделіп болғаннан 3 айдан кейін денсаулық жағдайын ескере вакцинация алуға болады.

Соңғы жылдары вакцинаның зияны туралы ғаламтордағы және әлеуметтік желілердегі дұрыс емес ақпараттарға байланысты балаларына екпе жасатудан бас тартатын ата-аналар саны көбеюде. Көбіне бас тарту себебі екпелердің маңыздығылын дұрыс түсінбеуі және діни көзқарасқа байланысты болады.

Сонымен қатар, 18 жастан асқан әр адам Комирнати (Pfizer) вакцинасын және бустерлі қайта егу алуға құқығы бар, оның ішінде басқа елден келген азаматтарға да тіркеуге қарамастан егу ақысыз жүргізіледі.