Баспананы жалдау ақысын субсидиялау басталады

259

Баспананы жалдауға субсидия беріледі. Өтініш қабылдайтын otbasybank.kz арқылы жүзеге асырылады. Жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған азаматтар өтініш бере алады. Ол 1, 2 топтағы мүгедектер, мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар және көпбалалы отбасылар.

Баспананы жалдауға субсидия беріледі деген хабарды естіген Манап Маратқызы отағасымен бірге қалалық тұрғын үй басқармасына бағдарламаның шарттарымен танысуға келіпті.

Манап Маратқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Екі баланың анасымын, жалдаған пәтерде тұрамыз. Қиналып кеттік. Пәтердің жартысын субидиялайды деген программаны естіп келдік. Бізге болады ма жоқ па».

Маманның қабылдауында жас отбасы аталған бағдарламаға қатыса алмайтынын, алайда 29 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер бағдарламасына бір жылдан кейін қатыса алатынын білді. Өйткені үміткер бағдарламаға қатысу үшін Шымкент қаласында 2 жыл тұруы шарт.

Жұлдызай Ордабекова, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы: «Шымкент қаласы бойынша 857 жұмысшы пәтері 5 жылға жалға беріледі деп күтілуде. Қазір үй дайын, су басқа да инженерлік коммуникация тартылуда. Бағдарламаға  Шымкент қаласында  тұрғанына 2 жыл болған, соңғы 6 ай көлемінде 46 АЕК табысы бар 29 жастқа дейінші жұмыс істейтін жастар қатыса алады».

Жұлдызай Ордабекова, Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасының бөлім басшысы: «Жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады. Олар 1 және 2 топтағы мүгедектер;
мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар,
жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар. Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауға тиіс».

Субсидия алуға өтінімдер электронды цифрлық қолтаңба көмегімен қабылданады. Тағы бір талап – субсидия алуға үміткер депозиті бар, отбасы банк клиенті болуға тиіс. Жалдамалы баспананы азаматтар өздері іздейді. Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынады.

Ләззат Ибрагимова «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы: «2022 жылы қазақстандықтарды қолдауға 50 миллиард теңге қарастырылған. Оның 40 миллиард теңгесін республикалық бюджеттен алу көзделсе, 10 миллиард теңгесін жергілікті әкімдіктер бөледі. Бюджеттен қаржы мамыр айында бөлінеді деп жоспарлануда. Жаңа бағдарлама шамамен 70 000 адамды қамтымақ, олар жалдау ақысының 50% алады. Қазақстандықтар қысқа мерзімде, кезексіз өтінім беруі үшін біз бүкіл процесті онлайн режиміне аудардық».

Ал жалдау ақысын субсидиялау бағдарламасына қатысты ақпаратты otbasybank.kz сайтынан білуге болады. Және  Бейбітшілік көшесіндегі «Аманат» партиясының Шымкент қалалық филиалы ғимаратының бірінші қабатында кеңес алуға мүмкіндіктеріңіз бар.

Шынар Оразова