Қазақстанда ұн қымбаттауы мүмкін…

157

Елде ұн қымбаттауы мүмкін. Өйткені, Қазақстанда шығарылған ұнды Ресей өнімі ығыстырып тастауы мүмкін деген болжам бар. Астық өсірушілер одағының президенті Евгений Ган осындай пікірде.

Оның айтуынша, бұған дейін жергілікті диірмендер қажетті шикізатты Ресейден импорттады. Себебі арзан. Салыстыру үшін айтайын, Реселік бидайдың келісі 116-117 теңгеде шамасында. Ал жергілікті бидай 150 теңгеден. Алайда, 14 наурызда Ресей Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне бидай экспортын шектеп тастады. Енді диірменшілер қымбат болса да жергілікті бидайды сатып алуға мәжбүр.

Сәйкесінше, ұнның өзіндік құны өседі. Ал Ресейлік ұн арзан. Көрші ел ұн экспортына шектеу енгізген жоқ. Яғни, баға жағынан келгенде отандық өнім бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Мамандар мұндай жағдайға статистикалық мәліметтің шындыққа сай болмауы себеп дейді.

1 наурыздағы есеп бойынша елдегі қамбаларда 5,9 миллион тонна бидай бар. Бұл жеткілікті болуы тиіс. Бұлай дейтіні диқандар жылда 1 наурыз бен тамыз аралығында шетелге 2,5 миллион тонна бидай, 800 мың тонна ұн экспорттап келген. Ал ішкі нарықтың сұранысы 900 мың тонна. Биыл да осы көлемде сатсақ, қамбада әлі 1,9 миллион тонна астық қалуы тиіс. Бірақ іс жүзінде олай бола бермейді. Жылда жетпеген астықты Ресейден алып, қамбаны толтыра салатын. Биыл ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан билік экспортқа шектеу енгізіп отыр деп санайды.

Евгений Ган, Астық өсірушілер одағының президенті: «Біздің есебіміз бойынша қазір елдегі диірмендердің барлығы Ресей экспортқа шектеу енгізгенге дейін алған бидай қорымен жұмыс істеп жатыр. Ол таусылған кезде диірмендер де тоқтай бастайды. Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарын аралап шықтым. Үш өңірдік диірменшілері де осы жағдайды айтып отыр».

Шынар Оразова