Тұрғын үйлердің сапасын сын көтермейді-Шымкенттіктердің жанайқайы мәжілісте көтерілді

162

Парламент мәжілісінің депутаттары халықтың көкейінде жүрген сауалдарды үкімет мүшелеріне жолдады. Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен отырыста депутаттар халықпен кездесу барысында анықталған мәселерді көтерді. Әрі мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржының да есебін сұрады.

Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда және қалай жұмсалып жатыр? Осылай деген мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Үкіметтен есеп беруін сұрады. Ана тілін үйрену бағдарламаларының тиімділігі, тіл үйренушілерге нақты көмек жасауға қабілеттілігі тұрғысынан аудит жүргізу өте маңызды деді мәжілісмен.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
«Мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған қаржы қайда, қалай жұмсалып жатқандығы туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз ету маңызды. Сондай-ақ мемлекеттік тілді үйретуге бағытталған оқу-үйрету бағдарламаларының тиімділігі жөнінде, қанша адам үйреніп шықты, қанша адам тілдік бірінші, екінші сатыға өткендігі жөнінде сараптама жасау қажет».

Ал Премьер министрдің орынбасары Роман Склярға сауал жолдаған депутат Шымкенттің шаруа қожалықтарындағы жағдайға алаудаушылық білдірді. Сөзінше, үшінші мегаполистің ауыл шаруашылық саласында кемшіліктер жетерлік. Солардың ішіндегі ең өзекті мәселенің бірі – жер салығының мөлшері.

Берік Оспанов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
«Бас жоспар жасалған кезде Түркістан облысының Ордабасы, Сайрам және Төлеби аудандарының біршама ауыл шаруашылығы жерлері Шымкент қаласының аумағына өткен. Бірақ, өкінішке қарай, бұл өзгерістер шаруа қожалықтарына салық бойынша үлкен ауыртпалық тудырды. Қазіргі таңда шаруалар егістік жердің салығын гектарына емес, шаршы метіріне төлеп отыр. Нәтижесінде егістік жерге миллиярдтаған салық есептеліп отыр, мұның барлығы өз кезегінде өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының ақсап жатқандығының бірден-бір себебіне айналып отыр».

Бүгінгі таңда Шымкентте ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер көлемі 62 600 га. Әрі қалада 5 000-ға жуық шаруа қожалығы тіркелген. Мәжілісменнің сөзінше, бұл барлық қожалыққа ортақ мәселе. Сондықтан салықтық мөлшерлемені бір шаршы метріне емес, гектарына есептеу қажет дейді халық қалаулысы. Әйтпесе, бұл мәселе үлкен дауға айналуы мүмкін.

Берік Оспанов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
«Салық кодексінің 505-бабына сәйкес Шымкент қаласы бойынша елді мекендердің жеріне арналған базалық салықтық мөлшерлемелер алаңның бір шаршы метріне есептегенде 9,17 теңге мөлшерінде белгіленген. Бірақ бұл кооперативтің жылдық табысы салық сомасынан 2 есе аз болып келеді, сонымен қатар соңғы 5 жылдан бері құрғақшылық болуына байланысты шығыны өзін өзі жаппай қалуда»

Жиында Шымкенттегі сапасыз үйлердің де мәселесі де көтерілді. Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаевтың айтуынша, мемлекет тарапынан халыққа берілген тұрғын үй сапасы сын көтермейді.

Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
«Ондаған жылдар бойы кезек күтіп, баспанаға әрең қол жеткізген тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Өйткені үйлерінің шатырынан су сорғалап, кірпіші құлаған, қабырғасы жарылып, көтеріліп, едені опырылған, сырты түсе бастаған. Облыстар бойынша сапасыз салынған үйлерді атап өтсек, мысалы Шымкент қаласы, Тұран-2 және Асар шағын аудандарындағы тұрғындар тиісті мекемелерге шағымданып, наразылықтарын білдіріп жатыр»

Депутат Үкімет басшысынан бұл мәселенің өзектілігін ескеріп, республикалық комиссия құруды, оның құрамына қоғам белсенділерін және тұрғын үй алушыларды енгізуді ұсынды.

                                                                                         Мөлдір Ибадуллаева