Түркістан: Жаңбыр суынан зардап шеккендерге 100 млн. теңгеден астам көмек берілді

87

Қазығұрт ауданындағы нөсер салдарынан зардап шеккен тұрғындарға қаржылай көмек көрсетіле бастады. «Қызыл жарты ай» қоғамы 104,6 млн. теңге бөліп, су кірген үйлердегі 1046 адамға (173 отбасына) 100 мың теңге көлемінде ақшалай көмек көрсетуін бастады.

Шығындарды өтеу үшін облыстық бюджеттен де қолдау көрсетіледі. Комиссия тарапынан мал басы нақтыланып, ғимараттар мен үйлер, қосымша құрылыс құны есептелуде. Өкінішке қарай, кей нысандардың құжаты жоқ, олар да зерделеуден өтуде. Жаңа туған төрт түлікке де өтемақы беру жағы қарастырылмақ.

Өңірдің басқа аудан, қала жастары қолдап, алғаш күннен бастап, жалпы 800-ден астам ерікті мен өзге де азаматтар селден құлаған, зақым келген қора-қопсыларға және тұрғын үй мен аулаларды тазалау жұмыстарына белсене көмек беруде. Демеушілер, депутаттар тарапынан да қолдау бар.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Қазығұрт ауданына барып, қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Тұрғындардың талап-тілегі мен өтініштерін тыңдады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, облыстық комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Ешбір тұрғын көмексіз қалмайды. Үй жануарларының шығынына ережеге сәйкес өтемақы төленіп, тұрғын үйлер қалпына келтіріледі. Шаруашылық ғимараттарды жөндеуге көмек көрсетіледі. Бұның бәрі қатаң бақылауда тұр. Өздеріңіз білетіндей, су тасқыны болған ауылдарда төтенше жағдай департаменті, жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері, еріктілер жұмыс істеп жатыр. Әр нысан толық қалпына келтіріледі, – деді Өмірзақ Шөкеев.

— Елдің ішінде болғанымызға қуандық. Әкімдер бірден келді. Жастар үйді үш күн жүріп, толық тазартып берді. Көршілер көшуге көмектесті. 2003 жылы көрші Өзбекстаннан қоныс аударып едік. Содан бері үйдің құжатын дайындауға мән бермеген екенбіз. Әкімдік оған көмек берілетінін айтып, қуантты. Үйіміз каналдың жанында тұрғаннан, су асып түсті. Қираған жоқ. Бірақ енді мұнда тұру қиын. Үй орнына үй беретін болды. Осы ауылдан сатып алуға, не салуға қаражат бөлінетін болды. Таңдау — өзімізден. Алғыстан басқа айтарым жоқ, — деді Заңғар ауылының тұрғыны Жанәлі Мырзабеков.

— Жан-жақтан су келді. Үйден шығып үлгердік. Бірінші күннен бері келіп, көмек беріп жатыр, бізге. Бесінші күн болды міне, азаматтар күнде осы жерде жүр. Әкімдіктен келіп жатыр. Бәрі осы жерде жүр. Біздің ауылда үй аулаларына ғана зақым келді. Шүкір. Эмоцияға беріліп, кейбіреулер орынсыз сөздер айтқан да болар. Өзіміз ризамыз. Көп рақмет айтамыз бәріне, — дейді Сарапхана ауылдық округінің тұрғыны Айша Кененбаева.

Бір апта бұрын Түркістан облысының Қазығұрт, Сарыағаш аудандарында жауын-шашын мөлшерден артық жауып, Кентау қаласында қатты жел соғып, табиғи апат болды. Қазығұрт ауданының 7 ауыл округінің (Сарапхана, Қақпақ, Қарабау, Қызылқия, Шанақ, Алтынтөбе, Тұрбат), 11 елді мекенінде үйлер мен қора-қопсыларға су кірген.

Құтқару жұмыстарына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің және жергілікті атқарушы органдардың 100-ден аса қызметкері жұмылдырылды. Олар 15 бірлік техника, 13 мотопомпа күштерімен суды сору және арықтарды тазалау жұмыстарын жүргізді. Ауданда жұмысшы топтар құрылды. Аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жастардан құрылған еріктілер топтары зардап шеккен тұрғындарға көмек беруде.

Жалпы су тасқынынан Қазығұрт ауданындағы 11 елді мекенде 41 үйді су басып, 1 үй құлаған.

71 қора-қопсыны су басып, 27-сі құласа, 1 коммерциялық нысанды су басқан. Аудан бойынша 468 уақ мал, 5 ірі қара, 2 жылқы, 17 тауық шығыны болған. 50 бал ара жанұясы ағып кеткен.