Түркістан қаласында қоғамдық көлік паркі 35 жаңа автобуспен толықты. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тасымалдаушы компанияларға көлік кілттерін табыстады. Заманауи автобустар бейнебақылау, электронды билет жүйесі және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустармен жабдықталған. Айта кетейік, қазір қалада 21 бағытта 200-ден астам автобус тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді.
Түркістанның туристік әлеуеті жыл санап артып келеді. Өткен жылы шаһарға 1 миллион 200 мыңнан астам мейман келсе, биылғы жылдың алғашқы үш айының өзінде 450 мың адам саяхаттаған. Жалпы, қала ішінде бір жылда 27,6 миллион жолаушы тасымалданған. Осы үлкен сұранысты қанағаттандыру үшін автопарк 35 жаңа автобуспен толықты.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Сол бағытта қала тұрғындарымен былтырғы жылы кездескен болатынбыз. Қалалық көлік мәселесі көтерілген болатын. Жаңарту, көбейту үшін. Осы бойынша жыл соңына дейін 100-ге жуық автобус аламыз деп жоспарлап отырмыз.Соның міне 35-і келді. Қалған 65-ін жыл соңына дейін халық игілігіне тапсырылатын болады».
Жаңадан келген темір тұлпарлардың 12-сі «Жолаушы» компаниясына тиесілі болса, 23-і «ТехПрофАвто» мекемесінің паркін толықтырды. Соңғы компанияның әр автобусы 140 миллион теңгені құрайды. 2021 жылдан бері нарықта келе жатқан кәсіпорын осы уақыт ішінде салаға 7,5 миллиард теңге инвестиция тартқан. Ал жаңа техникалардың техникалық сипаттамасы мен ішкі мүмкіндіктеріне компания директоры тоқталды
РУСЛАН БАУЫРЖАНҰЛЫ, «ТЕХПРОФАВТО» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Сыйымдылығы 90 орынды құрайды. Оның 23 отыратын орын, 1еуі мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған. Пандуспен, ақылды камералармен жабдықталған».
Бүгінде Түркістандағы 22 бағыттың 70 пайызын «Жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қамтамасыз етіп отыр. Айта кетерлігі, аталған мекеменің меншігінде қазіргі таңда 156 автобус бар. Бұл қосымша көліктер енді сұраныс жоғары маршруттардың ауқымын кеңейтіп, жолаушылардың күту уақытын қысқартуға мүмкіндік береді. Ал компания басшысы қоғамдық көліктердің өзге де артықшылықтарын атап өтті
РАХЫМЖАН БАҚЫТЖАНҰЛЫ, «ЖОЛАУШЫ»ЖШС-нің ДИРЕКТОРЫ: «Қала автобустарын толықтай жаңалады. Осы Түркістан қаласында 22 бағыт болса оның 70 пайызын «Жолаушы» ЖШС-і қамтиды. Бұл автобустардың ерекшелігі евро 5 стандарттарымен жабдықталған. Ішінде камера мен юзб қарастырылған. Және электронды төлем жүйелерімен қамтылған. Ол 18 түрлі төлемді қабылдайды».
Салтанатты шара аясында облыс әкімі сала мамандарын арнайы марапаттап, алғыс хаттар табыс етті. Айта кетейік, бүгінде Түркістанның көлік саласында 300-ге жуық маман қызмет етеді. Күн демей, түн демей жолаушы тасымалының сапасы үшін тер төгіп жүрген бұл азаматтардың еңбегі орасан. Осылайша, жаңа автобустар қаланың тынысын ашып, тұрғындар мен қонақтардың межелі жеріне жайлы жетуіне септігін тигізбек.
Ботакөз Әнуар






